«Қызылорда қаласының айналма жолын» қайта жаңарту жобасы басталды

Жоба аясында жалпы ұзындығы 25 шақырым болатын айналма жолды қайта жаңарту қарастырылған. Жобалық шешімдерге сәйкес, оның 14,6 шақырымы І-б техникалық санат талаптарына жеткізілсе, қалған 10,4 шақырымы ІІ техникалық санат параметрлеріне сәйкес қайта жаңғыртылады. Бұл жоба өңірдегі көлік инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және облыс аумағындағы елді мекендердің көлік байланысын жақсартуға бағытталған. Жобаны іске асыру мерзімі 2026-2029 жылдарға жоспарланған.

Сонымен қатар, биыл Қызылорда облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланған. Жөнделетін жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 98,3 шақырымды құрайды. Жұмыстар өңірдегі бірқатар маңызды көлік бағыттарында жүргізіледі. Олардың қатарында «Қызылорда – Павлодар – Успенка – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолы, сондай-ақ М-32 «Ресей Федерациясының шекарасы (Самараға қарай) – Орал, Ақтөбе, Қызылорда арқылы Шымкентке дейін» халықаралық көлік дәлізінің және KAZ-06 «Ресей Федерациясының шекарасы (Жайсан өткізу пункті) – Мартөк– Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы (Нұр Жолы өткізу пункті)» халықаралық көлік дәлізінің жекелеген учаскелері бар.

Аталған жобаларды іске асыру автомобиль жолдарының техникалық жай-күйін жақсартып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдің халықаралық көлік дәліздерін дамытудағы маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.