Атырауда қанды қылмыс бойынша жаңа дерек белгілі болды. Мұнайшы ықшамауданында күйеу баланың жалдамалы үй іргесінен табылған Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның мүрдесінде үшкір заттың жарақаты болған. Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары айтты. Полицейдің айтуынша, жарақат көзге көрініп тұр. Алайда өлімге нақты не себеп болғанын сараптамадан соң белгілі болады.
ҚҰТТЫБАЙ САДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Мүрделерден үшкір заттан жарақаты бар, көрдік. Көзге көрініп тұрған. Алайда ол неден болғанын сараптамадан соң білеміз. Сосын сізге айтамыз. Тергеу амалдары біткеннен кейін нақты жауап береміз.
Естеріңізге салайық, былтыр желтоқсан айында Атырау облысының Жанкелдин ауылында тұтас бір отбасының 4 бірдей мүшесі ұшты-күйлі жоғалып кеткені мәлім болды. Ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мүрдесі қаңтар айында өз үйінің сарайынан табылған еді. 4 адамның өліміне күдікті – күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевті кеше полицейлер оқиға болған Жанкелдин ауылына апарып, жауап алған. Қазір тергеу абақтысында. Ал сол үйдің қызы Ақбаян психикалық орталыққа орналастырылды. Қаралы отбасы мен ауылдастары бүгін Наурыз бен Мейрамгүлді жер қойнына тапсырды.