«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында елімізде қандай шаралар жүзеге асырылады?

gov.Kz

Бүгінде елімізде 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүйелі түрде іске асырылуда. Бұл құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, ықтимал қауіптердің алдын алуға және балаларға жан-жақты қолдау көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған. Тұжырымдама аясында жаңа жүйелік тәсілдер енгізіліп, цифрлық құралдар кеңінен қолданылып, балаларды қорғау мен қолдау тетіктері жетілдіріледі.

Республикада 6,2 млн отбасы бар, оның шамамен 3 миллионы - балалы отбасылар. Отбасыларға кешенді қолдау көрсету мақсатында ел бойынша 131 отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл бағыттағы шаралар отбасы институтын нығайтуға ықпал етуде.

Тұжырымдама аясында отбасыны қолдаудың жаңа бағыттары да қарастырылған. Атап айтқанда, некеге дейінгі кеңес беру, ata.ana.kz платформасында жауапты ата-ана болу мәдениетіне арналған интерактивті курстар, «Ата-аналар академиясы» жобасын кеңейту, ата-аналардың баланың мектеп өміріне қатысуын заңнамалық тұрғыда бекіту, сондай-ақ алименттік қатынастарды жетілдіру және туыстардың уақытша қамқорлығын реттеу жоспарланған.

Соңғы жылдары елімізде балаларды қорғау саласында айтарлықтай оң өзгерістер байқалады. Мәселен, 10 жыл ішінде жетім балалар ұйымдарындағы тәрбиеленушілер саны 54%-ға азайып, интернат ұйымдарының желісі 24%-ға қысқарды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 3 мың жетім бала отбасыларға орналастырылды.

Балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында бірқатар жаңа бастамалар қолға алынуда. Соның бірі - білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті бақылау үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу. Бұл жүйе агрессия, жанжал немесе буллинг сияқты қауіп тудыруы мүмкін жағдайларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін қосымша құрал ретінде қарастырылады.

Қазіргі уақытта бірқатар өңірде жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитикалық жүйені енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, 2025-2026 оқу жылында Астана қаласындағы №107 мектепте жасанды интеллект элементтері бар пилоттық камералар орнатылды. Бүгінде мұндай жүйелер 46 мектеп пен 8 балабақшада қолданылады.

Сонымен қатар зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды қорғау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта елдің барлық өңірінде балаларға арналған мамандандырылған көмек кабинеттерін кезең-кезеңімен ашу жоспарланған. Бұл кабинеттерде қызмет «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі.

Балаға қолайлы ортада алғашқы психологиялық көмектен бастап сот-медициналық сараптамадан өтуге және бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама алуға дейінгі барлық қажетті қызметтер бір жерде ұсынылады. Бұл балалардың түрлі мекемелерге қайта-қайта жүгіну қажеттілігін азайтып, олардың психологиялық тұрғыдан қайта жарақат алуына жол бермейді. Жыл соңына дейін әр өңірде кемінде бір осындай кабинет ашу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, мектептерде ерекше назарды қажет ететін балаларды педагогикалық сүйемелдеу жүйесі енгізіледі. Әрбір бала үшін педагогтер, мектеп психологтары және ата-аналардың қатысуымен жеке профилактикалық жұмыс жоспары әзірленеді. Бұл шара тәуекел тобына жататын оқушыларды ерте анықтап, оларға уақтылы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге бағытталған.

Сонымен қатар балалар жарақатының алдын алу мақсатында «Балалар қауіпсіздігі терезесі» атты республикалық ақпараттық акция өткізіледі. Акция балалардың терезеден құлап кету жағдайларының алдын алуға және ата-аналардың тұрмыста балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Алдағы уақытта мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру аясында mGov платформасында «Баланың жолы» атты цифрлық жүйені іске қосу жоспарлануда. Бұл жүйе балаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге біріктіріп, түрлі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді.

Еске сала кетейік, 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы биыл қаңтар айында Үкіметтің шешімімен бекітілді. Аталған тұжырымдама балалардың құқықтарын қорғауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың жан-жақты дамуына бағытталған алғашқы бірыңғай стратегиялық құжат болып табылады. Онда 158 іс-шара мен 10 негізгі индикатор көзделген.