Еріксіз түрде дропперге айналып кетуі мүмкін

Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер мемлекеттік сектор өкілдерімен жүргізілетін тұрақты профилактикалық жұмыстар аясында Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне жаңа қауіп түрі туралы ескерту жасады.

Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап дропперлік, яғни интернет-алаяқтарға жәбірленушілердің қаражатын аударуға көмектесу әрекеті қылмыстық жауапкершілікке әкелетін құқық бұзушылық болып саналады. Айта кету керек, кей жағдайда азаматтар дропперге еріксіз түрде де айналып қалуы мүмкін. Қылмыскерлер кез келген адамның банк шотына ірі көлемде ақша аударып, кейін оны қателесіп жібергенін айтып, қаражатты басқа банк картасына қайта аударуды сұрауы ықтимал. Мұндай жағдайда бейтаныс адамдардың өтінішін орындауға болмайды. Себебі олардың талабын орындау арқылы адам қылмысқа қатысушы болып қалуы мүмкін. Осындай жағдай орын алса, банкке ресми түрде өтініш білдіріп, шотқа белгісіз көзден және белгісіз мақсатпен қаражат түскенін, оны пайдаланбайтыныңызды және ақшаны жіберушіге қайтаруды сұрайтыныңызды көрсету қажет. Ақшаны жолдаған адам да кибералаяқтардың құрбаны болуы мүмкін. Сонымен қатар күтпеген ақша аударымдары туралы полицияға да хабарлаған жөн. Мемлекеттік кірістер департаментінде өткен кездесуді облыс бойынша ведомство қызметкерлері бейнеконференция байланысы арқылы тыңдады. Кездесу барысында жедел уәкілдер киберқылмыстың өзге де түрлері туралы ақпарат берді. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 110 дерегі тіркелген. Оның 31-інде жеке кәсіпорындардың қызметкерлері жәбірленуші болған. Сондай-ақ зардап шеккендердің қатарында 21 зейнеткер, білім саласының 13 қызметкері және студенттер бар. Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында СҚО полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өңірдегі еңбек ұжымдарымен тұрақты түрде профилактикалық кездесулер өткізіп келеді.