Көлікте қауіпсіздік белдігін тақпаған, телефонға телмірген жүргізушілерге талап күшейді

  • AstanaTV
  • 12 наурыз 2026

Бүгіннен бастап қауіпсіздік белдігін тақпай, рөлде отырып телефон қарайтын жүргізушілерге камера арқылы айыппұл салынады. Полиция тіпті көлік тізгіндегенде телефоннан жол картасын қарайтындарға да шектеу қойып отыр. Бақылау құрылғыларынан автоматты түрде көлік иесіне хаттама жіберіледі.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Енді көшедегі камералар көліктің жылдамдығын ғана емес,  жүргізушінің әрекетін де  түсіреді. Яғни белдік тақпағандар мен рөлде отырып телефон ұстағандар анық көрінеді. Ол автоматты түрде тіркеліп, хаттамаға сай, айыппұл салынады.

Рөлде телефон қолдану мен белдік тақпауға айыппұл бұрыннан қарастырылған. Бірақ мұндай заңбұзушылықты полиция қызметкері байқаса ғана жаза қолданылатын. Ал енді камералар жүргізуші телефоннан карта қарап отырса да, қоңырауға жауап берсе де автоматты түрде айыппұл салады. Полицияның хабарлауынша, қала бойынша 180 мың бейнебақылау құрылғысы  жаңа тәртіппен жұмыс істейді.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Енді жылдамдықты асыру, қызылға өтіп кету бұл бұрын айқындалатын құқық бұзушылықтар еді ғой. Енді оған екі тағы норма қосылды. Сонымен қатар бейнекамералардың көмегімен ескерту деген жауапкершілікті жіберуге мүмкіндігіміз бар.

Ал заңға бағынбағандар 21 625 теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Бұл өзгеріске жұрттың пікірі әртүрлі.

БЛИЦ:

- Бізге ол қиындық келтіріп жатыр мына жүргізушілерге. Обычно таксистерге де қиын.

- Дұрыс деп ойлаймын мен. Конечно, телефонда отырғандар жанағы дтп содан болады. Ремень енді өзің үшін ғой.

- Анау камераларыңды өзі жетеді ғой, басқасы да жетеді. Соны енгізбесе дұрыс болатын еді.

Сондай-ақ жүйе мерзімі өткен техникалық тексерісті, сақтандырудың жоқтығын және басқа да құқық бұзушылықтарды тіркей алады. Айта кетсек, полиция бұл заңға қоғамдық көлік жүргізушілері де бағынатынын ескертті. Тіпті алдағы уақытта қоғамдық көлікті тізгіндейтіндерге көлік ішіне камера орнатып жіті бақылануы мүмкін.