Трамп: «АҚШ әскері соғыста жеңіп қойды»

Иран Ормуз бұғазын бақылауда ұстай алмайды. Ол жерден кез-келген кеме өте алады, - дейді АҚШ Президенті. Трамптың айтуынша, АҚШ бұл соғыста жеңіске жетіп қойды. Ақ үй басшысы, өзінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп те кетті. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Иран Парсы Шығанағындағы араб елдеріне шабуылын тоқтатсын деген резолюция қабылдады.

Мен бұл әскери операцияға ат қоярдан бұрын 10 сағат ойландым. Трамп, бұл соғыста әлдеқашан жеңіске жетіп қойғанын мәлімдеді. АҚШ Президенті Иранның жойылып кеткен әскери техникалары мен жүйелерін асықпай атап өтті. Санаулы сағаттар ішінде бірде-бір ұшақ пен кемелерін қалдырмағанын айтып мақтанды Трамп.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

11 күн бойы біздің әскерилер Иранның сау-тамтығын қалдырмады. Иран бүкіл Таяу Шығысты өзіне бағындырып, Израильді жойып жібермекші болды. Біз бұл жоспарларына кедергі болғанда, өздері түсінбей қалды. Олар, соғыстың алғашқы сағатында-ақ жеңілген. Әлбетте, біз бір істі соңына дейін жеткізетін мемлекетпіз.

Трамптың, соғыста жеңгеніне сенімділігі сонша, оны жайына қалдырып, өзінің сайлауалды бағдарламасына кірісіп кетті. Өтпелі сайлау, яғни, Конгресске қос партияның таласында бәсекелестік әркез қызу. Мәселен, дәл осы Кентукки штатының өкілі, Трамптың партияласы Томас Масси, Иранға шабуылды сынап, Эпштейн ісі бойынша тергеуді талап еткен. Сол үшін өз жақтасына Президент ашуланып, сайлаушылармен кездескенде, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып боқтады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Томас Масси – біздің партиямыздың нағыз соры. Мен бұл штатта сенімді жеңіске жеттім. Ол да Кентуккидің өкілі. Бірақ, адам ретінде де, Конгрессмен ретінде де нашар. Республикалық партияға шын көңілмен берілмеген бұндай оңбағандардың көзін құрту керек. Сол үшін мен осы штаттың нағыз бетке ұстар азаматы, арнайы жасақтың сарбазы Эд Галринді қлдап, дауыс беруге шақырамын.

Иран Таяу Шығысқа шабуылды тоқтату керек. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі осындай қаулы қабылдады. 13 мемлекет қолдап, тек Ресей мен Қытай шет қалды. Одан бөлек, Иран себепсіз Әзербайжан, Түркия және Кипрге соққы жасағаны да Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөз болды.

АМИР-САИД ИРАВАНИ, БҰҰ-ДАҒЫ ИРАННЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

Бүгін Қауіпсіздік кеңесі үшін қаралы күн. Ұйымның беделіне нұқсан келтіретін шешім қабылданды. Кейбір мемлекеттер, өздерінде бар вето құқығын пайаланып, ойларына келгенін істеуде. Бар болғаны саяси амбициялары үшін агрессивті соғысты бастау әрекетін неге ешкім сынға алмайды?

Иранның Ормуз бұғазын бұғаттап тастағаны толық расталды. Тіпті, Таиландтық бір кемені өртеп жіберген. Сондықтан, мұнай бағасы кеше барреліне 120 долларға дейін жетті. Жауап ретінде, Трамп Америкалық қосымша қорлардан 400 млн баррель мұнайды шығарды. Бұл қара алтынның бағасын 89 долларға дейін түсіріп жіберді.