Мәслихаттардың өкілеттігі одан әрі кеңейіп, нақтыланады. Олардың жергілікті билік жүйесіндегі рөлін күшейеді. Яғни, аймақтағы түйіткілді мәселелердің түйінін тарқартуға бақылау жасайды. Бюджеттің әрбір тиынын тиімді жұмсалуын қадағалайды. Бір сөзбен айтқанда әкімдермен қоян-қолтық жұмыс істейді. Ал этиканы бұзған депутаттар жазасыз қалмайды. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында тағы қандай бастамалар көтерілді? Айсәуле Съезбек рет-ретімен баяндайды.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Өңір-өңірден келген барлық деңгейдегі мәслихат депуттары бүгін Астанада бас қосты. Тәуелсіздік сарайы лық толы. Бұл Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан үшінші республикалық форум.
Сыдық Дәулетов 30 жыл бұрын 1 түйемен кәсіп бастаған. Бүгінде оның 40 түрлі өнім шығаратын Ақши ауылындағы зауыты Еуразиядағы ең ірі кәсіпорынға айналды. Ал өзі әлемдегі түйесі көп екінші адам. Әрі Алматы облысы, Іле аудандық мәслихатының депутаты. «Осыдан бір наным екеу болса, ауылымды көтерем» деп ант еткен азамат елдімекендегі 12 көпбалалы отбасыға үй салып берген. 100 орындық балабақша, түйе сүтімен емдейтін шипажай ашқан.
СЫДЫҚ ДӘУЛЕТОВ, ІЛЕ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
Құрметті президент, сіз 2019 жылы Қытайға барғанда осы құрғақ түйе сүтін экспорттауға жол ашып бердіңіз. Кішкене ғана ауылдың өнімдері ұшақпенен Пекин, Шанхай басқа да мемлекеттерге экспортқа кетіп жатқан кезде еңбегім ақталды деп ойлаймын. Жаңа конституцияда мен өзімнің тағдырымды көріп отырмын. 1991 жылы егемендік алғаннан бері талай осы кәсіпке келе жатып, біраз қиыншылықтарды көрген адаммын. Жасыратыны жоқ. Бизнестің гарантиясы болмады. Біз қорқа, аттың басын тарта, орташа жұмыс істедік. Енді жаңа конституцияда емін-еркін аттың жүгенін жіберіп, +көк байрағымыздың мәңгі желбіреуі үшін жұмыс жасауымыз керек.
Агроөнеркәсіпті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қалады. Ел азаматтарының 36 процентінің тағдыры осы саланың өркендеуімен тікелей байланысты. Былтыр шаруаларға жеңілдетілген несие беру мақсатында 1 трлн теңге бөлінді. Бұл – бұрын-соңды болмаған қолдау. Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекендердің өз табысы.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады. Менің тапсырмама сәйкес қазір Үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін. Мәслихаттарға жүктелетін міндет – осы қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң бақылау.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Президент аппаратына былтыр халықтан 83 мың өтініш келіп түскен. Ағайынның арыз-арманын Ақордаға дейін жеткізбей, жергілікті жерде тиімді шешіп беруге болар еді. Жұрт өңірдегі биліктен кейде ең қарапайым сауалға жауап ала алмайды. Сондықтан депуттар кәсіби білігін, цифрлық сауатын арттыруға күш салуы тиіс. Әрі мәслихаттардың өкілеттілігін кеңейту керек деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет. Бұл – айрықша маңызы бар міндет. Олардың жергілікті билік жүйесіндегі рөлін күшейту қажет. Әкімдер халықпен кездескенде азаматтардың көбі нақты мәселелерді айтып, бірнеше сұрақ қояды. Сондай түйткілдер дұрыс шешімін табуы үшін депутаттық корпус белсенді түрде бақылау жасап, әкімдермен бірге жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ мәслихаттардың ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қараған абзал. Олардың көптеген құзыреті әлі күнге дейін айқын емес. Бұл ахуал мемлекеттік басқару үдерісіне кедергі келтіріп отыр.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Президент алдында сөз алған халық қалаулылары жаңа Конституция жобасы ел дамуының даңғыл жолы боларына сенім білдірді. Әсіресе, конституциялық комиссия құрамына жергілікті мәслихат депутаттарының да кіргізілгені халық үніне құлақ асудың айқын көрінісі болғанын атап өтті.
ГҮЛНӘР ТОЙЛЫБАЕВА, ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ:
Ата заңымыздың жобасы дайындалғаннан бастап, референдумға ұсынылғанға дейін әрбір сәтінде куә болдым. Комиссияға түскен өзекті ұсыныстардың барлығы ескеріліп, қараусыз қалмады. Осы орайда, жаңа жобамыздағы бір мәселеге байланысты өз ұсынысымды айтқым келеді. Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру және оның қызметі заңмен реттеледі деген бап бар. Осыған орай, өңірлердегі мәслихаттармен бәірлесе отырып, жергілікті заңды жетілдіріп, уақытылы қабылдаса деген ұсынысымыз бар. Ол заңның елдің ортасында нәтижесін көру – мақсатымыз.
Азаматтар референдумда Конституция жобасын қолдап жатса, еліміздің саяси құрылымы түбегейлі өзгереді. Мәслихаттар жоғары заң шығарушы органға қажетті кадрларды даярлауға белсене атсалысуы керек. Құрылтайға шығатын депутаттар ауыл-аймақтан бастап шыңдалуы тиіс.
ЖАНДОС ОРАЗҒАЛИЕВ, АҚСУАТ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ:
Өңірдегі мәселелерді біз ашық айтатын деңгейге жеттік. Министрлік болсын, басқа да бір билік саласындағы қызметкерлерге біз аудандық деңгейдегі депутат болсақ та, біз тікелей сұрақ қойып, депутаттық сауал жолдау арқылы өңірдегі мәселелерді шешу үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, Аманат партиясының мүшесі ретінде де республикадан, облыстан бөлінетін қаражаттың тиімді мақсатта пайдалануы үшін депуттардың өзіндік орыны бар, ықпалы бар деп ауыз толтырып айта аламын.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
2000-нан астам мәслихат депутаты қатысқан ашық алаңда өңірлік дамудың өткір мәселелері талқыланды. Президент аймақтардағы депутаттарды бір мандатты сайлау жүйесі сақталатынын айтты. Бұл тетік халық сенетін іскер азаматтарға саяси баспалдақ болып қала бермек.