Коалиция: жаңа Конституция азаматтар тарапынан шынайы қолдау тапты

Фото: Әли Ғалым, Талгат Таныбаев

Астанадағы Президенттік орталықта «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының қорытынды отырысы өтті. Іс-шараға саяси партиялардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар, Парламент депутаттары, сарапшылар және қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты. Республикалық референдум қарсаңындағы кездесуге қатысушылар түсіндіру жұмысын қорытындылап, қоғам тарапынан жаңа Конституция жобасына жоғары деңгейде қолдау көрсетілгенін атап өтті.

Іс-шарада Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және өзге де азаматтар сөз сөйледі.

Отырысты ашқан Жалпыұлттық коалиция жетекшісі Ерлан Қошанов алдағы референдумның тарихи маңызын атап өтіп, мемлекет пен қоғам дамуының жаңа кезеңі басталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Коалиция мүшелері еліміздегі қалалар мен ауылдардың барлық дерлігін аралап, миллиондаған азаматпен кездескен кезде ең негізгі дүниені байқады – қазақстандықтар жаңа Конституция құндылықтарын қолдайды және ел болашағын осы құжатпен байланыстырады.

«Біз жаңа Ата заңмен жаңа дәуірге қадам басқалы отырмыз. Бұл – мыңдаған жылдық тарихтың тынысы сезіліп тұрған Конституция. Жастардың рухы жалындап тұрған Конституция. Халықтың үні жаңғырып тұрған Конституция. Жаңа Конституцияда Президенттің өзіндік қолтаңбасы, өмірлік ұстанымы мен реформаторлық стилі айқын аңғарылып тұр. Мемлекет басшысы бар білімін, мол тәжірибесін, бүкіл күш-жігерін еліне, халқының болашағына арнап келе жатқанын айтуға тиіспіз», – деді ол.

Ерлан Қошанов Жалпыұлттық коалицияның барша мүшесіне, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақтардың өкілдеріне, белсенді жастар мен волонтерлерге атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді. Аз уақытта тұтас ел аумағында ондаған мың іс-шара өткізіліп, миллиондаған азамат қамтылды. Коалиция мүшелері түрлі мамандық иелерімен және әлеуметтік топтардың өкілдерімен – шахтерлермен, металлургтермен, студенттермен, ғалымдармен, дәрігерлермен, мұғалімдермен, кәсіпкерлермен, жастармен, IT саласының мамандарымен, мәдениет және өнер қайраткерлерімен бірқатар кездесу өткізді. Шалғай ауылдарда, еңбек ұжымдарында, жоғары оқу орындарында, ауруханаларда, мектептерде, шахталар мен зауыттарда да мазмұнды әрі ашық жүздесулер өтті. Барлық кездесу барысында азаматтар жаңа Конституция нормалары жөнінде ашық пікір білдіріп, белсенді түрде сұрақ қойып, өз ойларымен бөлісті.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өңірлерде өткен кездесулерде азаматтардың басым бөлігі жаңа Конституцияны қолдап отырғанын жеткізді.

«Бұл қолдаудың өзегі – қарапайым азаматтардың Мемлекет басшысына және оның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге деген үміті мен сенімі. Яғни, еліміздегі өзгерістердің басты тірегі – халықтың сенімі. Егер, халық билікке сенбесе, Президентке арқа сүйемесе, реформаларды жүзеге асыру да, оларды тіпті бастау да қиын болатын еді. Қарапайым азаматтардың сенімі мен халықтың қолдауы бізге осындай жүйелі, терең өзгерістерді жүзеге асыруға күш беріп отыр», – деді Ерлан Қарин.

Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Конституция кешегі күннің тағлымын бүгінгі таңның өнегесімен жалғайтын жасампаз қадам. Оның айтуынша, жаңа Ата Заңда Қазақстан дамуының Тәуелсіздік пен теңдік, заң мен тәртіп, әділдік пен бірлік сынды негізгі қағидаттары көрініс тапты. Ол жаңа Конституция қабылдау қадамы азаматтардың болашаққа деген сенімін нығайтудың берік негізіне айналатынын және Қазақстанды жасанды интеллект дәуірінде заманауи, жоғары технологиялық мемлекет ретінде ілгерілетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Отырысқа қатысушылар атап өткендей, еліміздің барлық өңірде азаматтар Ата Заң жобасынан өздері үшін маңызды әрі жанына жақын нормаларды, олардың мүдделері мен құқықтарын қорғайтын ережелерді көретінін мәлімдеді. Әсіресе «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатын бекітетін, сондай-ақ адам капиталын дамытуға, ғылымды, инновацияларды, білім мен мәдениетті қолдауға бағытталған жаңа нормалар кең қолдау тапты. Әділдік идеялары, Заң және Тәртіп, Таза Қазақстан, Адал Азамат қағидаттары, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтау туралы бастамалар да ел азаматтарының көңілінен шығып, халықтың ойымен ұштасты. Бұл қағидаттар Конституцияның преамбуласында айқындалып, құжаттың барлық бабының өзегіне айналды. Мемлекет басшысы оларды уақтылы ұсынып, жаңа құжат қоғамды ұйыстырды және мемлекеттің алдағы дамуына қажет берік құқықтық негізге айналды.

Сондай-ақ Коалиция Президент саясатына және жаңа Конституцияға қолдау көрсету мақсатында еліміздегі қоғамдық-саяси бірлестіктерді біріктірген біртұтас күшке айналғаны ерекше атап өтілді. Оның құрамына бес саяси партия және шамамен 300 қоғамдық ұйым кірді. Олар шамамен 5 миллион қазақстандық азаматтың мүддесін білдірді. Бұл қоғамдағы түрлі институттың күш-жігерін еліміздің жарқын болашағы жолында ашық әрі мазмұнды жалпыұлттық диалог жүргізу сынды маңызды мемлекеттік міндет төңірегінде топтастыруға мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов, Ирина Смирнова, Жанарбек Әшімжанов, Екатерина Смолякова, мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аят Сүгірбай, журналист Нұрбек Матжани сөз сөйледі.

Отырыс соңында қатысушылар Коалиция жұмысы мұнымен аяқталмайтынын атап өтті. Конституцияны қабылдау – ел тарихындағы жаңа кезеңнің бастамасы. Коалиция құрамына енген барлық ұйым Ата Заңдағы жаңашыл нормаларды жүзеге асыру жұмысын жалғастырып, олардың мәнін және қоғамға беретін мүмкіндіктерін азаматтарға терең түсіндіруге атсалысады. Коалиция мүшелері барша қазақстандықты алдағы референдумға қатысуға шақырып, әр азаматтың дауысы мемлекет болашағына және Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның дамуына ықпал ететінін атап өтті.