«Иранның жаңа басшысын да өлтіреміз», - Израиль Премьер-министрі

Иранның жаңа Аятолласын да өлтіреміз. Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху осылай деді. Одан бөлек, билікті де құлдыратамыз, - деп қорқытты. АҚШ Конгрессі болса, Ирандағы қыздар мектебінде 170 оқушының өлімін тергей бастады. Алдын ала мәлімет бойынша білім ордасына Томагавк зымыраны түскен. 11 маусым басталатын футболдан әлем чемпионатына Иран құрамасы қатыспайды. Елдің спорт министрі осындай ақпарат таратты.

Израиль Иранның жаңа басшысын да өлтіреміз, - деп сес көрсетті. Естеріңізге сала кетсек, Аятолла Али Хаменеидің өлімінен кейін, оның баласы Моджтаба Хаменеи елдегі ең жоғары лауазымға тағайындалды деген ақпарат тарады. Бірақ, Моджтаба Хаменеи бірде-бір рет әлі халық алдына шықпады. Алайда, Ормуз бұғазын толық жауып, соңына дейін күресеміз, - деген үндеуі ғана жарық көрді. Нетаньяху, Иранның бүкіл ядролық және баллистикалық жүйелерін жойып жібергенде ғана тоқтайтынын мәлімдеді.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мен сақтандыру компаниясының директоры болсам, Иран басшысының өмірін сақтандырмайтын едім. Өйткені, ол қайда жасырынса да тауып аламыз. Иран халқының өзі өзгерісті қалайды. Алдыңғы аятолланың өлімін көшеге шығып тойлады. Біз барынша режимді әлсіретіп отырмыз. Иран халқына еш қансыз билікті өз қолдарына алуға мүмкіндік жасағым келеді.

АҚШ Конгрессі Ирандағы қыздар мектебіне зымыран не үшін түскенін тергей бастады. Сенаторлар тікелей әскерилерді кінәлап отырған жоқ. Дегенмен, АҚШ әскерінің қатысы бар деген ақпаратты да жоққа шығармады. Естеріңізге сала кетсек, Иранға жасалған шабуылдың алғашқы күні қыздар оқитын мектепке Томагавк зымыраны түсіп, 170 оқушы қаза тапқан еді.

РИЧАРД БЛЮМЕНТАЛЬ, АҚШ КОНГРЕССІ СЕНАТЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз Қорғаныс Министрлігіне өз сұрақтарымызды қойып, олардың жауабын естідік. АҚШ әскері әдейілеп, бейбіт жандарды, әсіресе, балаларды өлтірмейді. Дегенмен, америкалық зымыран мектепке түсті. Оның себебін анықтап, кінәлілер болса, жазалануы керек. Пентагон бізге барлау ақпараты ескіруі себебінен қателік болғанын айтты. Сол жерде шамамен Ислам Революциясы Сақшылары Корпусының ғимараты әлі тұр. Зымыран сол жерді көздеуі тиіс еді.

Футболдан Иран құрамасы Әлем Чемпионатына қатыспайды. Бұл туралы елдің спорт министрі Ахмад Доньямали мәлімдеді. Мундиаль АҚШ-тан бөлек, Канада және Мексика, яғни, 3 елде өткізілетінімен, Иран түскен топтың бүкіл ойындары АҚШ-та өтеді деп жоспарланып қойды. Иран Бельгия, Жаңа Зеландия және Мысыр құрамаларымен бір топқа түсті. Топтық кезең ойындары Лос-Анджелес және Сиэтлде өтеді. Дональд Трамп пен ФИФА Президенті Джанни Инфантино, Иран құрамасы әлем кубогіне қатысуға келсе, жақсы болатын еді деген ниеттерін де білдіріп үлгерген.

АХМАД ДОНЬЯМАЛИ, ИРАН СПОРТ МИНИСТРІ:

Сыбайлас жемқорлық пен азғындыққа батқан мемлекеттер біздің басшымызды өлтірді. Біздің құрамаға жағдай жасап бере аламыз дегенге күмәнім бар. Оның үстіне, жау мемлекетте қалайша барып, мәз-мейрам ойнайды. Негізінен, футболшыларымыз АҚШ-қа баруға қарсы болып отыр. Олардың қауіпсіздігіне кім жауап береді?

Иран Ормуз бұғазындағы мұнай тасымалдайтын кемелерге шабуыл жасай бастады. Кеше бір ғана кеме, Таиландтық танкер өртеніп кетсе, бүгін бірден 6 кеме өртке оранды. Иран тек өзіне тиесілі аумақта ғана емес, Ирак жағалауына да баса көктеп кіріп, 2 кемені шабуылдаған және оның бір экипаж мүшесін өлтірді.