2050 жылға қарай әлемде әрбір төртінші адам есту қабілетінен айырылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2026

2050 жылға қарай әлемде әрбір төртінші адам есту қабілетінен айырылуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазірдің өзінде 400 миллионнан астам адам оңалту көмегіне мұқтаж. Оның 30 миллионнан астамы - бала. Мамандардың айтуынша, бұл дерттің белең алуына қоршаған ортадағы шу мен құлаққапты дұрыс пайдаланбау тікелей әсер етіп отыр.

Толассыз шу, құлаққапты жоғары дыбыспен ұзақ тыңдау және дәрігердің рұқсатынсыз антибиотик қабылдау - құлаққа басты соққы. Бұл факторлар құлақ ішіндегі нәзік талшықтарды зақымдап, қайтымсыз зардаптарға әкеледі. Бүгінде лор маманға жүгінетін науқастардың 60 пайызы дәл осы құлақ ауруына шағымданады екен.

АНАР АШИМХАНОВА, ЛОР ДӘРІГЕР:

Құлақты өз бетінше шұқылау немесе дәрігердің тағайындауынсыз дәрі тамызса, ол құлақ жарғағының зақымдануына, қабынудың күшеюіне, және инфекцияның асқынуына әкеледі. Үнемі, қатты дыбыста пайда болатын болса, ол біздің есту қабілетіміздегі, есту нервын өлтіреді. Нерв өле-өле талшықтары ары қарай мүлдем естімей қалуы да мүмкін.

Дәрігердің ескертуін елемей, өз бетінше ем іздегендердің бірі - қала тұрғыны. Жеңіл тұмауды асқындырып алған ол, енді ұзақ ем қабылдауға мәжбүр.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осыдан 1-2 ай бұрын сезонный гриппен ауырып, өз бетімше ем қабылдаған едім. Дәрігерге жүгінбей өзім аптекадан дәрі алып тамызып, асқындырып алған екенмін. Жас болғасын салқын күндері шапкасыз, жалаң бас шығып, салқын тигізіп алдым. Дәрігер маған отит деген диагноз қойды.

Балалар арасында құлаққа бөгде зат кіріп кетуі немесе инфекцияның өршуі жиі кездеседі. Саңыраулықтың 60 пайызын ерте анықтау арқылы алдын алуға болады. Сол себепті скринингтік тексеріс сәби дүниеге келген сәттен бастап жүргізілуі тиіс.

ДИНАРА ТАУКЕЛОВА, МЕЙІРГЕР:

Туған кезде, роддомда бірінші тексереді. Сосын бала үйіне жібергесін үш айында тексереді. Жиі ауырған балаларды жылына бір рет тексеру керек. Өйткені отит болуы мүмкін, тағы да неше түрлі аурулар құлаққа зиян тисе, естімей қалуы мүмкін.

Халық арасында «құлаққа май тамызу», «ыстық басу» немесе «сарымсақ қою» сияқты қауіпті әдістер әлі де қолданылады. Алайда, мамандар құлақ күтімі үшін тек жуынғаннан кейін орамалмен сүрту жеткілікті екенін ескертеді. Сондай-ақ, жылына бір рет ЛОР маманына қаралуды әдетке айналдырған жөн.