Мемлекет басшысы отандық IT-бизнестің көкжиегін кеңейтуді негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастыруға шақырды.
– Бұл бағытта қазірдің өзінде көп жұмыс істелді. Astana Hub-тың негізінде кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасалды. Еліміздегі IT қызметтердің экспортынан түскен табыс 1 миллиард долларға жуықтады. Зияткерлік өнім өндіретін, оны шетелге сататын жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетілуі қажет, – деді Президент.
Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторында кеңінен қолдану технологиялық дербестік пен экономикалық өсімнің маңызды факторы саналады.
Үкіметтің алдында өнеркәсіпке озық технологиялар енгізу үшін ынталандыру тетіктерін қарастыру міндеті тұр.
– Азаматтарға арналған банк қызметтеріне айрықша тоқталғым келеді. Менің тапсырмаммен Ұлттық банк цифрлық қаржы инфрақұрылымын жасады. Оның аясында банкаралық QR-төлемдер және аударымдар, цифрлық теңгемен есеп айырысу қызметтері пайда болды. Бұл төлем тізбегіндегі делдалдар санын қысқарту арқылы шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Банктер заң жүзінде аталған инфрақұрылымға қосылуға міндеттелді. Алайда ірі банктер бұл талапты созбалаңға салып, орындамай отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық есептеуші инфрақұрылымды дамытудың маңызына назар аударды. Сонымен қатар екі суперкомпьютердің іске қосылуы еліміздің технологиялық дербестігін нығайту тұрғысынан зор стратегиялық мәнге ие екенін айтты.
Жиын барысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Қаржы министрі Мәди Такиев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады.