Амал мерекесі: Астанада ауқымды мәдени іс-шара өтеді

Фото: Ақмола облысының мәдениет басқармасы

Астана қаласындағы Ататүрік саябағы аумағында «Көрісу күні – Амал мерекесі» атты ауқымды мәдени бағдарлама ұйымдастырылады.

Оған мәдениет қайраткерлері, елордалық білім беру мекемелерінің балалар ұжымдары және этномәдени орталықтардың шығармашылық топтары қатысады.

Іс-шараның мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасын, ұлттық өнерін және салт-дәстүрін дәріптеу, елдің бірлігі мен ұлттық бірегейлігін көрсету, жасанды интеллект арқылы ұлттық дәстүрмен байланысын көрсету, мерекелік бағдарламада көрермендерге ежелгі көрісу дәстүрі, көктемнің келуі мен табиғаттың жаңаруын бейнелейтін театрландырылған көріністер, ұлттық салт-жоралғылар мен интерактивті мәдени бағдарламалар ұсынылады.

Іс-шара аясында заманауи AI-аймақ та жұмыс істейді.

Астанада цифрландыру жылы аясында «Наурызбай» және «Наурызай» атты аватарлары бар жасанды интеллект көмекшісі әзірленген. Бұл виртуалды кейіпкерлер қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік бағдарлама, сондай-ақ Наурыздың тарихы мен дәстүрлері туралы ақпарат береді.

Сонымен бірге ұлттық музыкалық аспаптар мен қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі ұсынылады.

Іс-шара 14 наурыз күні сағат 12:00-16:00 аралығында өтеді.