Тарихи таңдау жасауға санаулы күн қалды. Жаңа Конституция жобасын қолдау жөніндегі Халықтық коалиция үгіт-насихат науқанын қорытындылады. Бір ай бойы еліміздің түкпір-түкпірін аралаған штаб мүшелері бүгін елордада бас қосып, атқарылған жұмысты пысықтады. Отыз күнде 10 мыңнан астам кездесу өткізіп, миллиондаған азаматқа реформаның мәнін түсіндірген коалиция мүшелері не дейді? Халық құқықтық құжатпен қаншалықты танысып үлгерді? Тілшіміз Айсәуле Съезбек тарқатады.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Ел болашағын айқындайтын маңызды сәт жақындады. Тарихи құжат Жаңа Конституция жобасын қолдау жөніндегі коалиция бір айға созылған үгіт-насихат марафонын бүгін елордада түйіндеді. Отыз күн ішінде штаб мүшелері еліміздің ең шалғай елдімекендеріне дейін жетіп, реформаның мән-мағынасын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Алты Алаштың баласы Ата заңның жаңа жобасын 7 айдан астам пысықтады. Нәтижесінде конституцияның 77 бабы қайта жазылып, ескі мәтіннің 84 проценті түзетілді. Елдегі ең ірі саяси партиялар мен 300-ден астам қоғамдық бірлестік ортақ мақсат, бір мүдде жолында бірігіп, миллиондаған азаматқа преамбуладан бастап әр бапты, әр тармақты жіті түсіндіруге барын салды. Ерлан Қошанов коалиция мүшелері жауапты миссияның салмағын терең сезініп, ешбір сұрақты жауапсыз қалдырмағанын атап өтті.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:
Бүгін біз елдің идеологиялық бағдарларының терең әрі мазмұнды өзгеріске ұшырап жатқанын көріп отырмыз. Шын мәнінде, ұлт болашағының жаңа бағыты айқындалды. Бұл бағытты ең алдымен жастар қолдайды — олар батыл, өзгерістерді қорықпай қарсы алуға дайын. Олар үшін реформалар жай ғана саяси күн тәртібі емес, өз өмір тарихының бір бөлігі. Жастар өздерінің үміттері мен жоспарлары елдің даму стратегиясынан көрініс тауып жатқанын байқайды. Дәл осы көзқарастардың тоғысуынан мемлекет басшысы мен жастар арасындағы синергия, яғни өзара үйлесім мен ынтымақтастық қалыптасады
Қысқа уақыттың ішінде 10 мыңнан астам үгіт-насихат шарасы ұйымдастырылды. Кездесулер барысында алуан түрлі пікір айтылды. Көпшілігі реформаны қолдады. Арасында сын да естілді. Сұрақ та қойылды. Жауап та берілді. Ең бастысы - Жаңа Конституцияның басты миссиясы – саяси көзқарасына қарамастан, әрбір қазақстандықтың құқығын тең қорғау екені түсіндірілді.
ЖАҚСЫБЕК ҚҰЛЕКЕЕВ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ:
Халықтың көкейінде жүрген көп сұрақтың бәрін талқылап, шамамыз келгенше жауап беруге тырыстық. Қазақстанның басым халқы осы жаңа конституцияның мәтінімен, мазмұнымен танысып үлгерді десек болады. Сондықтан халық жалпы референдумға өзінің толық түсінігімен дауыс беруге дайын ғой деген ойдамын.
ИНДИРА РЫСТИНА, Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ – БАСҚАРМА МҮШЕСІ:
Азаматтар шынымен де елдің қай жақта дамитынын, қалай қарай қадам басып жатқанына қызығып, сол бойынша сұрақтар қойып жатыр. Бұл сұрақтарды үлкендер ғана емес, жастар да белсенді қойды. Конституция жай ғана құжат емес. Бұл азамат пен мемлекеттің арасындағы келісім-шарт. Біз болашақта қандай ережелер бойынша өмір сүреміз деген сұраққа жауап беру үшін әрбір адам 15 наурыз күні референдумға барып, өзінің таңдауын дұрыс жасауы керек деп ойлаймын.
Халық Ата заңның жобасын мақұлдаса, коалиция жұмысы мұнымен аяқталмайды. Конституцияны қабылдау – ел тарихындағы жаңа кезеңнің бастамасы. Коалиция құрамына енген барлық ұйым Ата Заңдағы жаңашыл нормаларды жүзеге асыру жұмысын жалғастырады. Олардың мәнін, қоғамға беретін мүмкіндіктерін азаматтарға түсіндіруге атсалысады.
ЖҰЛДЫЗАЙ ЫСҚАҚОВА, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Өз басым 6 аймақты аралап, 50-ден астам кездесу пен форумға қатыстым. Сарапшыларды жинап, олардың пікірін білдік. Айтылған ұсыныстарды конституциялық комиссияға жеткізіп отырдық. Референудамға 2 күн қалды. Енді халық азаматтық құқығы мен міндетін орындап, сауатты таңдау жасайды деп сенемін.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Сонымен үгіт-насихат науқаны аяқталды. Ендігі кезек — саяси жауапкершілікте. Жаңа Конституция жобасы бойынша референдумға қатысу — бұл жай ғана саяси шара емес, бұл әрбір азаматтың мемлекеттік басқару ісіне тікелей араласу мүмкіндігі. Коалиция өкілдері атап өткендей, жаңа Конституция жобасы — бұл тек заңдық құжат емес, бұл қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа келісім. Ертең — тыныштық күні, ал 15 наурыз күні ел өз таңдауын жасайды.