Ақтөбеде 500 адамнан құралған «Қамажай» керуені жүріп өтті

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2026

Көктемнің шуағымен бірге қазақ даласына Амал-Көрісу мерекесі келді. Биыл бұл ерекше күн Ақтөбеде бұрынғыдан да айрықша аталып өтті. Есет батыр тұрғын алабы алаңында 500 адамнан құралған «Қамажай» керуені жүріп өтті. Әжелер, аналар, келіндер мен бұрымды қыздар ұлттық киіммен сән түзеп, «Қамажай» әнін шырқай келе, көпшілік алдында көрісу дәстүрін көрсетті. 

Ақ жаулықты кейуаналар мен иіліп сәлем салған келіндердің қасына бүркітшілер де қосылып, мерекелік көрініске айрықша сән берді. Салт-дәстүрді жаңғыртқан шара кейін үлкен концерттік бағдарламаға ұласты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қамажай» керуені-жай ғана мерекелік шеру емес. Бұл- ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын тағылымды бастама. 

БИБІГҮЛ ӘБДІШҮКІРҚЫЗЫ, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Марқайып біздер жүрейік, ұрпақты көріп биіктен. Осы істеп жатқан ізгі ісіміз елге, халыққа, соның ішінде дүниеге келетін балдарымызға үлкен насихат болсын.

Алаңда киіз үйлер тігіліп, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Ұлттық ойындар ойнатылып, салт-дәстүрімізден көрініс көрсетілді. «Қамажай» керуені ақтөбеліктерге қазақы дәстүрдің сәнін сезіндірді.

БИБІГҮЛ АҚЖІГІТОВА, «ГЕОЛОГ» МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Үлкен көрісу шарасы- бұл. Біздің қазақтың. Міне қазір адамдарға қарап, әдемі киініп, көңіл күйде келіп жатқанына өте қуаныштымын. 

Көрісу мерекесі-тек амандасу емес, бұл-ағайынның арасына жылылық сыйлайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін ұлттық құндылықтың көрінісі. Осылайша, Амал мерекесінде Ақтөбе алаңы қазақы дәстүрдің думанына айналды.