Әлемнің 54 елінде 71 референдум учаскесі ұйымдастырылған

Республикалық референдум жайлы ресми ақпаратты орталық референдум комиссиясы жариялайды. Тілшіміз Айсәуле Съезбек қазір сол жерден хабар таратуға дайын. Айсәуле, соңғы мәліметтермен бөліссең.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Қайырлы таң, Лаура! Орталық референдум комиссиясының  ақпаратынша,  92 дауыс беру орыны аумақтық комиссиялардың ұйғарымымен таңғы сағат 6:00де жұмысын бастады. Ал 10 мың 388 учаске 7:00де есігін айқара ашты. Бүгін 622 арнайы дауыс беру орыны жұмыс істейді – олар әскери бөлімдерде, медициналық мекемелерде және перзентханаларда ұйымдастырылған. Сонымен қатар, 634 учаске азаматтардың уақытша тұрып жатқан жерлерінде ашылған. Комиссияға  келіп түскен соңғы ақпарат легін дәл қазір орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман жариялап жатыр. Сөзіне құлақ түрейік. 

МҰХТАР ЕРМАН, ҚР ОРТАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тізімдерге 12 461 796 азамат енгізілді. Учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері бойынша дауыс беру құқығын беретін барлығы 17 514 есептен шығару куәлігін берді. Сағат 10 бастап орталық референдум комиссиясы әр 2 сағат сайын тікелей эфирде ақпарат таратады.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Шетелдерде жүрген отандастарымыз үшін әлемнің 54 елінде 71 референдум учаскесі ұйымдастырылған. Барлығы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің аумағында орналасқан. Дауыс беру кешкі 20:00 дейін жалғасады. Мендегі ақпарат әзірге осы. Студия.