Ал Оралда ең бірінші болып жергілікті әскери бөлімнің жауынгерлері дауыс берді. Мұндағы референдум учаскесі өз жұмысын өзге дауыс беру орындарынан бір сағат бұрын бастады. Таңмен таласа тұрып, таңдау жасағандардың арасында алғаш рет дауыс берген жас сарбаздар да бар. Қазір бұл әскери бөлімде 400-дей жауынгер Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Бүгін олармен бірге офицерлер, келісімшарт бойынша қызмет етушілер де дауыс берді.
НҰРБОЛ ҚЫЛЫШБАЕВ, САРБАЗ:
Мен осы 5517 әскери бөліміне Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданынан шақырылдым. Мұнда қызмет атқарып жүргеніме төрт айдан аса уақыт өтті және Қазақстан Республикасының азаматы ретінде осы референдумға дауыс беруге алғаш рет қатысып отырмын және Қазақстан Республикасының болашағы үшін таңдауымды жасадым.
Жүздеген сарбаз шоғырланған әскери бөлімдегі дауыс беру жұмыстары басқа сайлау учаскелерінен тез аяқталады. Ал референдум комиссиясының мүшелері саяси науқанға алғаш рет қатысқан жауынгерлерге азаматтық таңдауы үшін алғыс айтып, тарту-таралғы жасады.
ЕРТУҒАН ӘУБӘКІР, "БАТЫС" ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Бұл дауыс беру учаскесінің бірден бір ерекшелігі - таңғы сағат алтыда басталуы. Себебі білесіздер, Ұлттық ұлан әскерлеріне жүктелген міндеттердің бірі - қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Сарбаздар өз таңдауларын жасап, әрмен қарай Орал қаласындағы, осы қаладағы дауыс беру учаскелері орналасқан аймақтарға қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жауынгерлік қызметке жіберілетін болады.