«Таңдау жасау - үлкен жауапкершілік», - тұрғын

"Таңдау жасау -үлкен жауапкершілік".  Астаналықтар осылай дейді. Таң атқаннан дауыс беру учаскелеріне келіп, ел үшін маңызды саяси науқанға белсенді атсалысуда. Үлкені де, жасы да көтеріңкі көңіл күйде. 

Актриса, Гүлмира Жакилина дауыс беру орнына алғашқылардың бірі болып келді.  "Бұл - саяси шара ғана емес, елдің ертеңіне деген жауапкершілік" дейді ол. Өнер иесінің айтуынша, әр азаматтың үні мемлекеттің болашақ бейнесін айқындайды.

ГҮЛМИРА ЖАКИЛИНА, МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ:

Мен өз елімнің азаматы ретінде өз таңдауымды жасап, дауыс беруге келдім. Әр адамның дауысы мемлекетіміздің әр адамының жарқын болашағының көрінісі деп білемін. Өйткені біздің әр қайсымыздың дауысымыз маңызды.

Дауыс беруге келіп жатқандардың көңіл-күйі көтеріңкі. Әсіресе, үлкендер жастарға үлгі көрсетіп, таң атқаннан белсенділік танытуда. 

ОРАЛ ӘМІРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен өзім үшін, өзімнің отбасым үшін, жақындарым үшін осы референдумға дауыс беріп, өзіміздің болашағымызды анықтау үшін келдім. 

Жастар да бұл күнді мерекеге балап отыр. Қала тұрғыны Бейбарыс алғаш рет Президент сайлауында дауыс беріп, саяси науқанның маңызын сол кезде сезінгенін айтады. Содан бері бірде-бір маңызды күнді жібермей, өз құқығын пайдалануды дәстүрге айналдырған. 

БЕЙБАРЫС ЕЛҒОН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Сол кезде дәлме-дәл туған күніме келді. Өзім қуанамын, осындай референдум сияқты болған кезде. Бірінші болып келіп тұрамын, осы таңғы 7-8-дерде. 

Отбасымен түгел келіп, таңдау жасап жатқандар жетерлік. Осылайша  елдің жаңа тарихи кезеңіне өз үлестерін қосуда.