Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумда дауыс берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  республикалық референдумда өз таңдауын жасады.  Мемлекет басшысы Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді. Содан соң отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін еліміздің дамуы мен келешегі үшін ерекше маңызды күн екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шын мәнінде, бұл – тарихи құжат. Бұл - азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Сондықтан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайды. 1995 жылы қабылданған Конституция ерекше рөл атқарды. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұмысқа мен де белсене атсалыстым. Конституцияның преамбуласын және басқа да нормаларын өзім жаздым.Сондықтан болашақта жақсы қызмет ететініне күмән жоқ деп айтқым келеді. 

Президент конституциялық реформаның негізгі мақсаты мен міндеттеріне, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты бірқатар сауалға жауап берді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – заң мен тәртіп үстемдік құратын Әділетті Қазақстанның Конституциясы, болашаққа бағдарланған құжат. Ата заң алдымен жастарға арналған, яғни жас буынның темірқазығы болуға тиіс. Жаңа Ата заңның мақсаты – осы. Қазақстан прогрессивті, заманауи мемлекетке айналуы керек. Бұл – біздің алдымызда тұрған ең басты міндет.