Қоғам үшін еңбек етіп жүрген жандар референдумда алдыңғы қатардан көрінді

Қоғам үшін еңбек етіп жүрген жандар референдумда алдыңғы қатардан көрінді. Саяси науқанда алғашқылардың бірі болып таңдау жасап, дауыс беруге белсене араласты. Олардың айтуынша, референдумға қатысу - ел алдындағы міндет, халық алдындағы борыш.  

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова референдум учаскесі ашылар-ашылмас келген.  Оқу ордасы басшысының айтуынша, бұл күні халық ел болашағына қатысты шешім қабылдауға өз үлесін қосады. Сондықтан әр азаматтың белсенділік танытып, дауыс беруі маңызды дейді ол.

ЛАУРА ҚАРАБАСОВА, Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АӨУ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОРЫ:

Ақтөбе қаласындағы №55-ші участокке келіп, референдумға қатысып, өз дауысымды бердім. Бүгін еліміздің азаматтарының барлығы да маңызды шешім қабылдауға қатысып, өз таңдауын жасауға мүмкіндік алып отыр.

Батыс Қазақстан облысында учаске ашылған алғашқы сағаттарда халықтың 20 пайызы өз таңдауын жасаған. Бұл жайт, бақылаушыларды таң қалдырды. Өңір басшысы Нариман Төрағалиев жаңа Конституция жобасын таныстыру жұмыстары белсенді жүргізілгенін айтты. Дегенмен, бүгінгі дауыс берушілердің ағынына  ол да таңданысын жасыра алмады.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жалпы еліміз үшін тарихи күн деп айтқым келеді. Осы жерде өзі байқағанымдай, дауыс берушілер өте көп. Халықтың белсенділігін көріп отырмын. Бүгін байқағанымыздай, осы елдің болашағына, жалпы ұрпағымыздың тағдырына алаңдамай жүрген жан жоқ.

Керекулік ағайын да белсенділігімен көзге түсті.  Усолка шағын ауданындағы 585-і референдум учаскесінде 2 мың адам тіркелсе, соның басым бөлігі түске дейін дауыс беріп үлгерді. Әлкей Марғұлан атындағы университет ректоры да осы учаскеге тіркелген. Ержан Өмірбекұлы  алғашқылардың бірі болып саяси таңдауын жасады.

ЕРЖАН ӘМІРБЕКҰЛЫ, MARGULAN UNIVERCITY-НІҢ РЕКТОРЫ:

Бүгін әрбір Қазақстанның осы іс шараға қатысып, өзінің таңдауын жасауы міндетті болды. Соның бірі өзім таңертеңнен келіп, таңдауымды жасап, мемлекетіміздің дауына қажетті іс-шараларды қолдайтынымды білдірдім.

Әр қазақстандық, лауазымы мен қызметі, шені мен абыройына қарамастан көпшілікпен қатар, кезекте тұрып дауыс берді. Бұл - ел дамуына көрсетілген қолдау - дейді Илья Теренченко. 

ИЛЬЯ ТЕРЕНЧЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл референдум – мен үшін тарихи сәт. Сол үшін өз таңдауымды жасауға келдім. Ең бастысы еліміздің - болашағы. Тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы және гүлденуі үшін өз дауысымды бердім.

Өңірлердегі референдум учаскелеріндегі бақылаушылар саяси науқан барысына жақсы баға берді. Сонымен қатар, заңбұзушылықтар  тіркелмегенін айтты.