"Ерекше вайб": дауыс беруге ерекше образбен келгендер

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2026

Қазақстандықтар референдумда  саяси белсенділік танытып қана қойған жоқ,  нағыз креативтің үлгісін көрсетті. Дауыс беру учаскелеріне келген кейбір азаматтардың образы көпшіліктің назарын аударып, әлеуметтік желілерде кең тарады. 

Елордалықтар бұл күнді нағыз мерекеге айналдырды. Дауыс беруге келген жас жігіт көпшіліктің көзінше сүйіктісіне сөз салып, оң жауабын алды. Саяси науқанның салтанатын арттыру үшін кейбір учаскелерде тұрғындарға арнайы «қызыл кілем» жайылып, құрмет көрсетілді. Көпшіліктің назарын аударғандардың қатарында темір робот та бар. Ал үй халаты мен тәпішкесін киіп, робот-күшігін жетектеген арудың бейнесі әлеуметтік желіні шулатып, нағыз хитке айналды.

Алматыда «Threads» әлеуметтік желісінің логотипін киген 18 жастағы студент Нұрсұлтан Дадыл алғаш рет өз таңдауын жасады. Сондай-ақ, «Барыс» кейпінде келген тұрғын да көпшіліктің көңілін көтерді.

Маңғыстауда фотосессия жасап жүрген екі жас катермен референдум учаскесіне барған. Жаңадан отау құрғалы жатқан жұп азаматтық парызын өтеуді маңызды деп санапты.  Ал Оралда мультфильм кейіпкерінің образында келген жігіт көптің назарына ілікті.

Өзге өңірлер де креативтен кенде емес. Шымкентте -«Өрмекші адам», Есікте - «Алтын адам», Балқашта — ақ көйлектегі қалыңдық пен күйеу жігіт бюллетень толтырды. Ақмола облысында батыр тұлғалы азамат қыран құспен келсе, Қостанайда Қыдыр ата дауыс берді.

Креативті образдар -  жай ғана шоу емес, халықтың саяси науқанға деген жоғары көңіл-күйі мен зор сенімінің көрінісі. Еліміздің басқа өңірлерінде де тұрғындар ерекше белсенділік танытып, маңызды азаматтық жауапкершілік көрсетті.