Ақтауда жоғалған бала жолдан табылды

Polisia.kz.

Ақтауда патрульдік полиция жоғалған баланы аман-есен ата-анасына табыстады.

Ақтау қаласындағы 34А және 35 шағынаудандарының арасындағы автожолда кішкентай бала жол ортасында жалғыз өзі жүрген. Жолдан өтіп бара жатқан жүргізуші көлігін тоқтатып, баланы жол жиегіне шығарып, ықтимал жол-көлік оқиғасының алдын алған. Осы сәтте жақын маңда Отпан тауында өткен Амал мерекесіне байланысты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген патрульдік полиция қызметкерлері болған.
Патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары Тілекқабыл Жанбиев және аға инспектор Нұрсұлтан Ізмұратов баланы қызметтік көлікке отырғызып, болған жағдай туралы жедел басқару орталығына хабарлаған. Кейін анықталғандай, қала тұрғыны баласын жоғалтып алғаны жөнінде “102” қызметіне хабарласқан. Бала аман-есен ата-анасына тапсырылды. Полиция ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауға және мұқият болуға шақырады.