Трамп Иранға қарсы одақ құрып жатыр. Бірақ, АҚШ Президенті оған өзге елдерді күштеп кіргізбек. Ал, Қорғаныс Министрі Пит Хегсет, Иранның жаңа басшысын қашып жүрген көртышқан деп мазақ етті. Иран болса, Біріккен Араб Әмірліктеріне бұдан да қатты шабуылдаймыз, - деп сес көрсетті. Оған себеп, елде АҚШ базаларының көп болуы. Қазір Украинаның дәуірі жүріп тұр. Президент Владимир Зеленскийдің айтуынша, оған жалынып, Иранмен күресуді үйретші дегендер көп екен. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Трамп Иранға қарсы одақ құрып жатыр. Оған 7 ірі мемлекет кіреді деп күтілуде. Ол елдердің барлывғы қазір Ормуз бұғазының бұғатталуынан зардап шегіп жатыр. Тіпті, Оңтүстік Корея да Иранға қарсы соғысқа кірісуі мүмкін деген хабар тарауда. Себебі, мұнай танкерлері Парсы шығанағынан шыға алмай, үлкен дағдарыс басталды. Қазір Оңтүстік Корея мен АҚШ әскері бірлескен оқу-жаттығу жүргізіп жатыр.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің Ормуз бұғазына тәуелділігіміз жоқ. Себебі, Парсы шығанағынан мұнай алмаймыз. Ал, қазір танкерлері шыға алмай қалған елдер коалиция құрамына кірулері керек. Иран бүкіл әлемге қауіп төндіріп отыр. Барлығына біз жауапкершілік алғанымызбен, өзге мемлекеттер де өз мүдделерін қорғамаса, бос әурешілік.
Иранның жаңа басшысы қорқақ, ол қашып жүр. АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет осылай деді. Оның айтуынша, жаңа аятолла жарақат алуы да мүмкін.
ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:
Кеше өзін жоғары басшы деп жариялаған сайқымазақ үндеу жариялапты. Бірақ, не видео, не дыбыс жоқ. Бүкіл Иранда камера мен диктофон таусылып қалмаған шығар. Ол көртышқан. Жердің астында тығылып жүр. Өйткені ол қорқып отыр. Қорыққанын қайтесіз, дірілдеп отыр.
Иран Біріккен Араб Әмірліктеріне бұрын-соңды болмаған шабуыл жасаймыз, - дейді. Енді тек АҚШ базалары ғана емес, тұрғын үйлер мен өзге инфрақұрылым, яғни, көздеріне көрінгенін атқыламақ.
ИБРАГИМ ЗОЛЬФАГАРИ, ИРАН ЖОҒАРЫ ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ БАС ШТАБЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Америка әскері Парсы шығанағындағы мемлекеттерде базалары жермен-жексен болғаннан кейін, Біріккен Араб Әмірліктері аумағынан біздің Абу-Мұса қаламызды атқылаған. Біз ресми түрде Біріккен Араб Әмірліктеріне хабарландыруымызды жеткіземіз. Біз өзіміздің тәуелсіздігімізді қорғай отыра, жауап береміз. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі мұсылмандар барлық порт, әскери базалар мен тұрғын үйлерін тастап қашсын. Сол кезде зиян тимейді.
Украинаның дәуірі жүрып тұр. Себебі, Иран дрондарына қалай күресеміз, бізді үйретіңіздерші деп бірнеше мемлекет басшысы Зеленскийдің алдына келіп жалынған екен. Бұл туралы Украина Президентінің өзі айтып мақтанды.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз тікелей Иранмен соғыспаймыз. Бірақ, Иранның бір сәтте мыңдаған дрон жіберу тактикасына және Шахедтеріне қарсы ұрыс тактикасын біз ғана жасап шығардық. Ресей осы Ираннан алынған дрондарын біздің тұрғын үйлерге және инфрақұрылымды шабуылдауға жіберіп келеді. Украина мамандарын және құралдарын беруге дайын. Алайда, бір шартымыз бар. Бізден көмек сұраған елдер де бізге қаржылай және өзге қару түрлерін көмек ретінде берулері керек.
Солтүстік Корея жаңа баллистикалық зымыран кешендерін сәтті сынақтан өткізді. Ол сынақты жеке Ким Чен Ын қызымен бірге тамашалады. Оңтүстік Корея шекарашыларының мәліметінше, 10 баллистикалық зымыран теңізге түскен. Су жаңа зымырандар 420 шақырымға дейін жете алады.