«Референдум ашық әрі әділ өтті» - «AMANAT» партиясының байқаушылары

«Референдум ашық әрі әділ өтті». Саяси науқанды бастан-аяқ қадағалаған "AMANAT" партиясының бақылаушылары осылай дейді. Партия жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдумды қадағалауға 20 мың адамды алдын-ала дайындаған. Сын сағатта оның 9777-сі әр дауыс беру учаскесінде қоғамдық бақылау жүргізді. Қорытынды баспасөз мәслихатында олар ел азаматтарының жоғары саяси белсенділігін атап өтті.

АРҒЫН ТЕМІРЖАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ САЯСИ ЖҰМЫС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Байқаушыларымыз ел аумағындағы барлық учаскеде жұмыс істеді. Жалпы алғанда дауыс беру барысы тыныш, ұйымдасқан және ашық жағдайда өтті. Таң мезгілінен бастап-ақ азаматтардың жоғары белсенділігін байқадық. Учаскелерге отбасымен бірге келген адамдар көп болды. Бұл ретте, жастар да белсенді қатысты. Олардың арасында алғаш рет дауыс бергендер де бар. Бұл қоғамның жоғары азаматтық жауапкершілігін және ел болашағына деген қызығушылығын көрсетеді.

Референдум барысында "AMANAT" партиясынан бөлек 34 мың қоғамдық бірлестік атынан тіркелген байқаушылар мониторинг жүргізген. Тәуелсіз бақылаушылар да тарихи сәтке куә болды. Барлығы сайлау учаскелерінде рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етіп, қолданыстағы заң нормаларының қатаң сақталуын қадағалады. Оқиға орнынан ашық ақпарат таратып, әлеуметтік желіде де есеп беріп отырған.

ГҮЛНӘР НҰРАХМЕТХАНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ САЯСИ ЖҰМЫС ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ПАРТИЯ БАЙҚАУШЫЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН ҮЙЛЕСТІРУШІ:

Оқыс оқиғалар немесе бір болмашы жағдайлар тіркелді бізде. Атап айтсақ, учаскелерде дауыс беру процесіне азаматтар тарапынан кедергі келтіру оқиғасы болды. Сонымен қатар бір техникалық ұйымдастыру сәттерінде кішкене кемшіліктер кездесті. Кейбір дауыс беруші азаматтар референдум комиссиясының жұмысына кедергі келтірген жағдайлар тіркелді. Бірақ бұл дауыс беру процесіне толық кедергі келтірді деп айта алмаймыз.