"Референдум ашық әрі заңға сай өтті", – ТМҰ бақылаушылары

Қазақстандағы референдум ашық әрі әділ өтті. Мұндай қорытындыны Түркі мемлекеттері ұйымының байқау миссиясы айтты. Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаманның айтуынша, миссия мүшелері үш топқа бөлініп, қаладағы 31 дауыс беру учаскесін бақылаған. Дауыс беру кезінде әкімшілік немесе құқық қорғау органдары учаскелердің жұмысына араласпай, адамдар референдумға өз еркімен келіп, дауыс берген. Сондай-ақ миссия өкілдері ешқандай елеулі заң бұзушылықты байқамағанын айтты. Дауыс беру учаскелерінде халықаралық және жергілікті байқаушыларға барлық жағдай жасалған. Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы референдум халықаралық стандарттар мен Қазақстан заңнамасына сай өткенін атап өтті.

ОМЕР КОДЖАМАН, ТМҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Миссия дауыс беру учаскелерінде ешқандай рұқсат етілмеген, заңсыз материалдарды байқамады. Мүгедектігі бар адамдар да өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асыра алды. Миссия ақпараттың дұрыс таралуы референдумның сәтті өтуіне ықпал етті деген қорытындыға келді. Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы Қазақстан Республикасында референдумның ашық әрі транспарентті түрде өткеніне көз жеткізді.

Референдумның өтуіне Ислам ынтымақтастығы ұйымы да оң баға берді. Ұйымның Бас хатшылығы Азия басқармасының директоры Имран Садихов бұл ұлттық маңызы бар оқиғаның сәтті өтуіне байланысты Ислам ынтымақтастығы ұйымының атынан Қазақстан халқына құттықтауын жеткізді.

ИМРАН САДИХОВ, ИЫҰ БАС ХАТШЫЛЫҒЫ АЗИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бас хатшылық референдумның ашық әрі заң талаптарына сәйкес өтуін жоғары бағалайды. Ұлттық маңыздағы оқиғаның сәтті өтуіне байланысты Қазақстан халқын құттықтаймын. Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымының белсенді әрі маңызды мүше саналады. Бұл ретте, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Қазақстандағы орнықты дамуды ілгерілетуге қолдау көрсетуге әзір.