Референдумнан кейін үгіт-насихат материалдары жиналуда

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2026

Саяси науқан аяқталғаннан кейін өңірлерде үгіт-насихат материалдарын жинау жұмыстары басталды. Коалиция жанынан құрылған жастар тобы облыс аумағындағы барлық плакаттарды алып, оларды арнайы тәртіппен кәдеге жаратуға жібермек.

Ақтөбе облысында жұмыс қарқынды. Тазалық жұмыстары облыс орталығымен қатар, барлық аудандарды қамтып отыр. Үгіт-насихат кезеңінде өңірде 150 мыңнан астам материал таратылған.  Нәтижесінде Ақтөбе облысы жаңа Конституцияны қолдау көрсеткіші бойынша республикада екінші орынға ие болды.

ӘЛІШЕР ТЫНЫШТЫҚ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жалпы халқымыздың, рефрендумға барған халықтың 94 пайыздан астамы жана конституция үшін дауыс берді. Бұл енді жалпы коалицияның үздік, жоғары деңгейдегі жұмысының нәтижесі деп білеміз.

Қызылордалық ерікті жастар да тазалық жұмыстарына белсене қатысуда. 70-ке жуық адам қаладағы сауда орындары мен 31 ақпараттық тақтайшаны тазалады. Бұл қала көшелерін ластамауға және жастарды ұқыпты болуға үндейді дейді ұйымдастырушылар.

АБЗАЛ ЖОЛТЕРЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ КОНСУЛЬТАНТЫ:

Тазалық өзімізден басталады демекші, саяси науқан аяқталғаннан кейін жабыстырылған, орналастырылған материалдардың барлығын белсенділер болып жинап жүрміз барлығын. Қаланың төңірегінде, оның ішінде кәсіпорындар бар, дүкендер бар арнайы, супермаркеттер бар. Бұның артында жастарды тәртіпке, тазалыққа шақыру, оның үстіне қаланың тазалығы, қаланың көркі.

Қарағандылық белсенділер де ақпараттық материалдарды жинауға кірісті. Қала жастары референдумға дайындық кезеңінде үгіт-насихат жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізген болатын. Енді олар ілінген плакаттарды арнайы орындарға жинап, қайта өңдеуге өткізбек.

ЗИЯТ СӘДУАҚАСОВ «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БЕЛСЕНДІСІ:

Қазіргі таңда біз қала бойынша осындай үлкен жұмыстарды атқарудамыз. Жалпы плакаттарды біз қаланың, облыстың әрбір аудан, қалаларына орналастырған болатынбыз. Біздің белсенділер сол жапсырылған плакаттарды қайта алып өңдеуге тапсыруда.

Саяси науқаннан кейінгі бұл тазалық шарасы тек үш өңірмен шектелмейді. Республика бойынша барлық облыс пен ірі қалаларда үгіт материалдарын жинау жұмыстары жалғасуда.