Алматыда «Шекарасыз білім: тәжірибе алмасу» атты халықаралық кездесу өтті.
Қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасу үшін Эстониядан мамандар арнайы келген. Шетелдік делегация қаладағы шығармашылық даму орталығы мен білім ошағын аралап, олардың жұмысымен танысты. Іс-шара барысында ашық сабақтар мен шеберлік сағаттары өтіп, педагогтер өзара пікір алмасты. Сонымен қатар, түрлі үйірмелер аясында оқушылардың шығармашылық жобалары мен жетістіктерін тамашалады. Кездесу соңында тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді.
АРДАҚ СМАҒҰЛОВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Мұндай кездесулер- педагогтер үшін үлкен кәсіби даму алаңы. Себебі ортақ іс жолында тәжірибе алмасу арқылы біз өз деңгейімізді бағалап, қай бағытта даму қажет екенін анықтаймыз. Шетелдік әріптестеріміз функционалдық сауаттылықты дамыту, халықаралық зерттеулерге, соның ішінде PISA бағытына дайындық бойынша өз тәжірибелерімен бөлісуде. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеудің тиімді әдіс-тәсілдерін көрсетіп жатыр.
АНДРЕЙ КАНТ, ТАЛЛИН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БІЛІМ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Аударма Бүгін біз үшін қосымша білім беру мен формалды білімнің өзара байланысын көру маңызды. Сіздердің бұл бағытта қаншалықты ілгері екендеріңізді көреміз. Ал біз өз тарапымыздан әріптестерге CLIL әдістемесін, яғни пән мен тілді кіріктіріп оқыту тәсілін ұсынуға дайынбыз.