Ақтөбеде бір әулеттің 19 келіні бір-бірімен тату тұрады

Астанада қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрлері жаңғырып, ұлттық құндылықтар дәріптелді. Сондай-ақ  бір әулеттің 19 келіні бас қосып, елдің назарын аударды. 

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

"Жасың құтты болсын!". Қазір еліміздің әр өңірінде осы тіркес жиі айтылуда. Күнмен түн теңеліп, Самарқандтың көк тасы жібитін Ұлыстың Ұлы күнінің қарсы алдында, көрісу мерекесі ерекше сәнмен жалғасты.

Ақ тілек арқалаған жұртшылық бұл күні тек төс қағыстырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды ұлықтады. Көне салт жаңғыртып, дәстүрлі ойындар жаңғырды.  Әсіресе, баланың қадамын нықтайтын тұсаукесер рәсімінің мағынасы ерекше.

АЙНҰР ЖҮГІНІСОВА, «ҚАЗАҚ АНАЛАРЫ – ДӘСТҮРГЕ ЖОЛ» РҚБ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Бұл нәрсені жастар білу үшін, біз ең бірінші үлкендер оны өзіміз жасауымыз керек. Ішкі мәдениетпен, сыртқы мәдениет бір- бірімен үйлесіп жатқан кезде жастарды қызықтыратыны анық. Солай емес пе?

Көрісу айтының биылғы қонақтары да ерекше. Ақтөбеден арнайы ат терлетіп келген абысындар, бүгінде бірліктің символына айналған. Түрлі байқауларда топ жарып жүрген әулет келіндері ұлттық қолөнер мен тағамдардың дайындалу әдістерін жетік меңгерген.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Дәл қазір менің жанымда бір әулеттің 19 абысыны, республикалық "Абысын-ажын" байқауының жеңімпаздары және  жанымда тұрған осы әулеттің үлкеніРазия Аманғалиқызы, "абысын тату болса, ас көп. Ағайын тату болса, ат көп",- дейді.

РАЗИЯ АМАНҒАЛИҚЫЗЫ, АҚТӨБЕ ТҰРҒЫНЫ:

Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді көрсеттік. Ұлттық тағамдарды көрсеттік. Үлкен аналарымыздан қалған ши тоқу, киіз басу, сосын ұлттық тағамдар, қарын бүрме, бүрме төс, құрт-ірімшік, тары талқан дегендей,  Тарыны қалай дайындау керек бәрін көрсеттік.

Халқымыздың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін, ұлттық болмысымызды айқындайтын көріністер көңілді жадыратты. Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүр жаңғырып, ұлттық құндылықтар ұлықталды.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Амал мерекесіне жиналған әр адам,  қазақ дастарханының тәжі, әрине, наурыз көжеден дәм татты. 7 дәмнен құралған бұл ас тоқшылық пен бірліктің нышаны. Салт-дәстүріміз сақталып, ақ дастарханымыз берекеге тола берсін. Ұлыс оң, ақ мол болсын!