Астанада Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Наурыз - дәстүр мен ғылым үндестігі» атты халықаралық ғылыми-этнографиялық конференция өтті. Достық үйінде ұйымдастырылған жиында ғалымдар мен қоғам қайраткерлері мерекенің тарихи тамыры мен бүгінгі маңызын талқылады.
Наурыз – жаңару мен бірліктің белгісі. Осы мерекенің тарихи және мәдени мәнін тереңірек түсіндіру мақсатында елордада халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Басқосуға тарихшылар, этнографтар, тілтанушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен қалалық мемлекеттік архив бірлесіп өткізді.
ЖАНГЕЛДІ БИМОЛДИН, ҚАЛАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВТІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл шараның болашақ ұрпаққа жалпы біздің ұлттың дәстүрге деген көзқарасына оң ықпалын тигізеді. Бұндағы ой түрткі болатын негізгі сөзіміз бұл әрине Наурыздың қайта түрленуі, Наурыздың ерекшелігі бұл Түркітілдес елдердің бір-бірінен айырылмас белгісі ретінде болып отыр.
Конференция этнографиялық көрініспен басталды. Архив қызметкерлері ұлттық киім киіп, көне дәстүр – Амал мерекесін сахналады. Қонақтар көрісу рәсіміне куә болып, бауырсақ пен наурыз көжеден дәм татты. Сонымен қатар «Наурыз – архив деректерінде» атты көрме ұйымдастырылып, сирек құжаттар мен фотоматериалдар ұсынылды.
МҰРАТБЕК ТОҚТАҒАЗИН, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:
Осы күндері ұлттық рухы оянған. Ұлт өзін жеке бір керемет феномен ретінде сезіне білген. Сол сәттен бастап мұқым жұрттың қуаныштарында шек болмаған. Сол күні салт-дәстүрлер халыққа көрсетілген. Бір-бірімен қауышып, құшақтасып, қуаныштың биігінде жүрген ғой былайша айтқанда.
Конференцияның ғылыми бөлімінде белгілі ғалымдар Наурыздың тарихы, ұлттық дүниетанымдағы орны және қазіргі қоғамдағы маңызы туралы баяндамалар жасады. Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер ұлттық мұраны жаңаша зерделеуге мүмкіндік береді.