Қазақ даласындағы тұңғыш басылымның шыққанына 115 жыл толды

Бүгін қазақ даласындағы тұңғыш ұлттық басылым "Қазақстан" газетіне 115 жыл толды. 1911 жылы Орал өңірінде жарық көрген басылымды шығаруға Ғұмар Қараш бастаған Алаш зиялылары ұйтқы болған. Бұл басылым «Қазақстан» атауын тарихта тұңғыш рет айналысқа енгізді. Бұған дейін қазақ атауы барлық ресми құжатта «қырғыз-қайсақ» деп бұрмаланып келген еді. Осылайша газетті шығарушылар «Қазақ» атын мемлекет атауы ретінде ұлықтады. Бүгінде басылымның барлық тігіндісі облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы. Әрі газеттің барлық саны қазіргі алфавитке аударылып, кітап болып шықты. Осы атаулы күнге орай ұйымдастырылған көрмеде газеттің негізін қалаушылардың бірі, ақын, ойшыл Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректер қойылды.

БАҚТЫЛЫ БОРАНБАЕВА, ТАРИХШЫ:

Тұңғыш рет қазақтың өзінің этникалық төл атауымен шыққан осы «Қазақстан» газеті. 1917 жылға дейінгі мерзімді басылымдарменен салыстырып қарағанда «Қазақстан» газеті өзінің демократиялық, реформаторлық, прогрессивті сипаттағы бағытыменен ерекшеленеді. Бұл газеттің негізгі шығарушысы болған Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйриннің еңбектері орасан үлкен.