Референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір көрінісі болды – Тоқаев

Фото: Ақорда

️Мемлекет басшысы Қазақстан жастарының ерекше белсенді болғанын атап өтті. Олар заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтып кеткен «ұлттық жауапкершіліктің» озық үлгісін көрсетті.

“Мұны заңды құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданып отыр. Бұған дейін де айттым, қазір де қайталаймын: еліміздің болашағы – жастарымыздың қолында! Мемлекет басшысы ретінде мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Жастарымыздың қарым-қабілеті айрықша, талант-дарыны мол, әлеуеті зор, күш-жігері мықты! Қазақстанды әлемдегі ең озық, дамыған елдердің қатарына қосатын да – сіздер! Бұған еш күмәнім жоқ! Бүгін төрге озып, тұғырына қонған жаңа Халық Конституциясы сіздерге бағдар беретін темірқазық болады. Себебі, бұл – келер ұрпақпен бірге жасай беретін қасиетті құжат”, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталды. Комиссия мүшелері өте ауқымды, тиімді жұмыс атқарып, мемлекет пен қоғамның өзара сенімі және серіктестігі аса маңызды екенін айқын көрсетті.

“Жалпыұлттық коалиция мүшелері де қажырлы қызмет етті. Олар жаңа Конституцияның мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, қажетті үгіт-насихат жұмысын ойдағыдай атқарды. Бүгін осы тарихи сәтке орай, мен Комиссия құрамында болған барша азаматқа және Коалиция мүшелеріне ерекше ризашылығымды білдіремін. Еліміздің әр аймағы, ауданы мен қаласында қоғамдық белсенділер, олардың ішінде еріктілер, яғни волонтерлер жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, Халық Конституциясының қабылдануына зор үлес қосты. Баршаңызға рақметімді айтамын”, – деді Президент.