Елде туристерге арналған казино көбейеді

Елде казино көбейеді. Жаңадан ашылатын ойын орталықтары тек шетелдік туристерге қызмет көрсетеді. Президент жаңа заңға қол қойды. Енді букмекерлік кеңселер қай өңірлерде салынады? Бұдан түсетін пайда қандай? Әріптесім Аружан Задабек тарқатсын.

Қазір елде ресми тіркелген алты казино жұмыс істейді. Біреуі Бурабайда, қалған бесеуі Қапшағайда. Енді олардың қатары толығады. Заңға сәйкес Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Алматы мен Жетісу облысында ойын орталықтарын ашу жоспарда бар.

АБДЕЛЬ БАЛТАТЕГІ, ҚР ТСМ ОЙЫН БИЗНЕСІН ЖӘНЕ ЛОТЕРЕЯНЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

16 наурызда Президент туризмді дамытуға бағытталған заңға қол қойды. Құжат аясында «Ойын бизнесі туралы» заңға да бірқатар өзгерістер енгізілген. Яғни, шетелдіктерге арнап казино ашу мәселесі қарастырылған. Бұл туризмді дамытудың басты бағыты. Енді нормаға сәйкес туристік орындарда жаңа ойын нысандары бой көтереді.

Бірақ бұл орталықтарға кіру бәріне бірдей қолжетімді емес. Казинолар тек шетелдік туристерге арнап салынады. Егер мекеме бұл талапты орындамаса лицензиядан айырылуы мүмкін. Мамандар сондықтан мұнын ел тұрғындарына ешқандай кері әсері болмайтынына сенімді. Керісінше, экономикаға оң әсерін тигізеді.

АМАНГЕЛДІ ЕСБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Ойын аймақтары кеңейтіліп, казинолар туристік аймақтарда салынуы көзделіп отыр. Бірақ бұл жерде жаңадан ашылатын ойын мекемелеріне тек қана шетел азаматтарының кіруіне рұқсат етіледі.

Мұндай шешім бізге не үшін керек болды? Біріншіден, казино бюджетке қыруар қаржы әкеледі. Екіншіден, туризмді дамытады. Яғни елге келетін туристер саны артады. Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр. Заң жобасының маңызды бөлігі де – осы. Тұраланған саланы селт еткізіп, елдің әсем аймақтарын әлемге паш ету.

ЖАЙНАГҮЛ ҚАППАСОВА, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Туристік заңнамадағы негізгі ұғымдар жаңартылып, гидтер, экскурсия жүргізушілер мен туризм нұсқаушылардың қызметін реттеу жеңілдетілді. Енді олардың міндетті түрде кәсіпкер ретінде тіркелу талабы алынып тасталды. Сонымен қатар, визит орталықтарының құқвқтвқ мәртебесі айқындалып, оларды туризм инфрақұрылымының маңызды нысаны ретінде дамытуға жағдай жасалды.

Казино салынатын аймақтарды министрлік белгілейді. Бірақ оның нақты орналасатын жерін жергілікті атқарушы органдар анықтайды. Әрбір жаңа казино жылына 2-3 млрд теңгеге дейін салық төлейді. 500-ге жуық жұмыс орнын ашады. Сондықтан мамандар бұл туризмді дамытудың таптырмас тәжірибесі екенін айтып отыр.