Павлодарда тұрғындар әкімдік берген сапасыз үйлерге шағымданды. Былтыр ғана пайдаланылуға берілген жаңа баспаналар бір қысқа шыдамай қалды. Қатты аязда баспана іші азынап, қабырғалары көгеріп кеткен. Тіпті, есік пен терезелердің жақтауларынан жел соғады. Сол себепті тұрғындарға үйді жылыту мүмкін болмай тұр. Амалы таусылған Жетекші ауылының тұрғындары арнамыздан араша сұрады.
Бақыт Дайырова – былтыр көктемде осы үйге көшіп келген. Бастапқыда жаңа үй алғандарына қуанғандарын айтады. Алайда, қыс түскенде-ақ жаңа баспананың кем кетігі шыға бастапты. Қанша отын жақса да, үйді жылыта алмаған. Себебі пештің шамасы жетпейді. Содан болса керек үй көгеріп, қабырғаның сылағы түсіп жатыр.
БАҚЫТ ДАЙЫРОВА, ЖЕТЕКШІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Пешке жарты шелек көмір жақсаң, суы қайнап төгіледі. Өйткені, пештің көлемі кішкентай. Көп көмір жағуға келмейді. Бірақ, үйді жылыта алмайды. Ал өткендегі қатты аязда үйдің іші азынап кетті. Сырт киіммен жүрдік. Ал есік терезені қырау ұстап, үй іші көгеріп кетті. Баспана сапасыз салынған. Есік, терезе жақтауларынан гуілдеп жел соғып тұрады.
Бұл баспаналарда орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ. Сол себепті әр үйге жеке жеке кәріз құдығы қазылған. Тұрғындар бір айда 3-4 рет ассенизатор шақырып, тазалайтынын айтады.
ГҮЛМИРА ӘМІРЕНОВА, ЖЕТЕКШІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біздің үйге көшіп келгенімізге 3 апта ғана болды. Үй өте суық. Жылынбайды. Еден сыз тартып тұрады. Аяқ салу мүмкін емес. Үйдің есік терезесінен жел соғады. Жаққан отымыз далаға кетіп жатыр. Әкімдіктен осы мәселені күзге дейін шешіп беруін сұраймыз.
Әкімдік бұл мәселеден хабардар. Айтуларынша, кемшіліктің бәрі үйді салған құрылыс компаниясында екенін айтады. Сол себепті мердігерді сотқа бермек.
ҚАДИША БЕГЕТАЕВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз тұрғындарды назардан тыс қалдырған емеспіз. Әрдайым олармен кездесіп, мәселелерін тыңдадық. Үйдің сапасына қатысты шағымдарды жинап, мердігерге жібердік. Мердігер тарапынан да тиісті жұмыстар жүргізілді. Алайда, кейбір баспаналарда олқылықтың дұрыс орындалмауына байланысты сотқа шағым түсіреміз.
Жетекші ауылында соңғы 4 жылда 18 үй салынған. Барлығы 36 пәтер бар. Оған әкімдік үй кезегінде тұрған көпбалалы, жетім және тұрмыс жағдайы төмен отбасыларды қоныстандырыпты. Бұл үйлерді сатып алуға қазынадан жалпы соммасы 520 млн. теңге жұмсаған. Алайда, баспананың сапасы сын көтермейді.