Елордалық колледж студенттері заманауи жатақханаға орналасты

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2026

Жатақханада орын тапшы, бүгінде елордалық 1300 колледж студенті жатын жайға мұқтаж. Бұл түйткілді мәселе Шаңырақ күні мен Наурыз мейрамы қарсаңында шешімін тапты. Астанада 1000 орынға лайықталған  заманауи нысан бой көтерді. Салынған ғимарат бірден 5 бірдей білім ордасының студенттеріне есігін айқара ашты. 

Жататын жер таппай жұрттың жатын жайын паналаған бұл студенттер енді кірпіші кеше қаланған, сарапшылар жоғары сапа деп санаған жаңа жатақханада тұрады. Астананың қақ ортасында бой көтерген бұл нысан- заманауи үлгідегі шығармашылық орталығы бар бірегей жоба.

ҚАСЫМХАН СЕНГАЗИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жатақхана жалпы 938 орынға арналған. Құрылысын осыдан 11 ай бұрын бастаған болатынбыз. Міне осыдан 1 ай бұрын құрылысы бітті. Жалпы қаламызда 34 колледж бар, соның 50%-дан астамы оң жағалауда орналасқан. Сол колледждардың жақын жерде орналасқан 5 колледждің студенттері осы жерде тұратын болады.

Жатақхананың оң жағалауда бой көтеруі студенттердің жолға кететін уақытын айтарлықтай үнемдейді. Бұған дейін қала шетіндегі Көктал ауданында тұрып келген жастар үшін бұл үлкен жеңілдік болды. 

НЫСАНАЛЫ АБДУЛОВ, СТУДЕНТ:

Біз Көктал ауданының Күршім деген жатақханада тұрдық. Бұл жатақхана колледжге жақын, ыңғайлы. Сыйымдылығы жоғары, бөлмелері көп, және барлық заттар қамтамасыз етілген.

938 орындық жаңа ғимарат студенттердің тұрмыстық тауқыметін сейілтіп, оқуға ден қоюына мүмкіндік береді. Мереке қарсаңында есігін айқара ашқан бұл мекен елордалық жастар үшін нағыз тарту болды.