Ақтөбеде жыраулық өнердің рухын жаңғыртқан ерекше марафон өтті. Екі күн, екі түн бойы таңды таңға ұрып, жыр айтқан жыраулар батырлар жыры мен хисса-дастандарды үздіксіз орындады. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл жобаның нәтижесінде ақтөбелік жыраулар әлемдік рекордтар кітабына енді.
Әр жыршы 1 - 2 дастаннан орындады. Кейбірі жарты сағаттап жырласа, енді бірі 3-4 сағатқа дейін тоқтаған жоқ. Жыршылардың жасы әртүрлі. 13 тегі жасөспірімнен бастап, тәжірибелі жыршылар мен оқытушылар бар.
АХМЕТ ОРДАБАЙ, «ЕР ЕДІГЕ» ЖЫР МЕКТЕБІНІҢ ШӘКІРТІ:
Түнгі 3 жарымда, таңғы 6 да жырладым.Енді сол еңбекті ақтап жатырмыз.
ӘДІЛБЕК САРИН, ЖЫРШЫ, «ЕР ЕДІГЕ» ЖЫР МЕКТЕБІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ауыз әдебиетінен білеміз, біздің қазағымызда басқа мемлекеттегідей, басқа елдер сияқты жаңағы кітапханасы, өзінің шежіресін жазып отыратын жазба келген жоқ, осы ауызша айту арқылы келді. Сол дәстүрді біздер жалғап, «жыраулар жолымен» деген мына үлкен жобамызды бастағалы тұрық.
36 жыршы кезектесіп, «Қырымның 40 батыры» эпикалық циклын, «Пайғамбарлар қиссасын», «Қыз Жібек» дастанын, батырлар жырлары мен термелерді орындады. Ұмыт бола бастаған көне дәстүрді қайта жаңғыртуға бағытталған тың жобаға сарапшылар жоғары баға берді.
ҚУАНДЫҚ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, АЗИЯ МЕН АФРИКА ЕЛДЕРІ БОЙЫНША GBR ӘЛЕМДІК РЕКОРДТАР КІТАБЫНЫҢ БАС ОФИЦЕРІ:
Бұл -таза литературный рекорд, бірақ та қиыншылығы мұның спецификасында болды, өйткені біздің арамызда эпосты білетін адамдар болған жоқ, сондықтан біз бірінші ғалымдарды шақыртып, ол мүмкін бе?-деген соны талдадық. Рекордты ұйымдастыру, оны тіркеу үлкен халықаралық дәрежеде өтті.
Жыраулар сынақтан сәтті өтті.
Жыраулардың 24 сағат бойы үздіксіз жыр айтуы толықтай бейнежазбаға түсірілді. Қазақтың халық эпосы енді әлемнің 192 еліне танылады.