Оралда 1000 домбырашы бір мезгілде күй тартты

Оралда 1000 домбырашы бір мезгілде күй тартып, Ақжайық аспанын күмбірлетті. Ұлттық өнерді ұлықтауға бастауыштың балаларынан бастап, колледж студенттері де атсалысты. Бұл бастаманы аудандардағы мектептер де іліп әкетіп, қос ішектің қоңыр үні әр ауылдан естілді.

Қаз-қатар тізілген жас домбырашылар қазір дайындығын тағы бір мәрте пысықтап жатыр. Осыдан кейін 1000 өнерпаз қазақтың белгілі күйші-композиторы Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін бір мезетте мүлтіксіз орындауы тиіс. Бұл шығарма тыңдаушыға да, орындаушыға да жақсы таныс. Сондықтан көпшілік таңдауы осы туындыға түскен.

Ұлтымыздың арманы мен тарихын, қуанышы мен қайғысын қос ішегінен күй қылып төккен домбыраны бүгін жастар осылай күмбірлетті. Ата дәстүрді жаңғыртқандардың ішінде жас талапкерлер де бар.

МҰХАММЕД САБЫРҒАЛИ, ЖАС ДОМБЫРАШЫ:

Ұялы телефоннан неше түрлі тартқан адамдарды көріп, менің де солай тартқым келді. Сегізге толғанда мен домбыраны қолыма ұстап, неше түрлі күйлер ойнадым. "Ер Тұран" деген күйді білемін, "Балбырауын" деген, "Тепеңкөк" деген және "Адай" деген күйді үйреніп жатырмын.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мәдени мұраның осындай ерекше форматта насихаттау - жастардың ұлттық құндылықтарға қызығушылығын арттырмақ.

ӘСЕМГҮЛ КУЛЕКЕЕВА, БҚО БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ:

Ерекшелік - бұл жерде 1 мың ер бала орындайды. Бұл енді біздің домбыра күндеріне бұрын осындай ұйымдастырып жүрдік челлендждер. Бірақ ол жерде біздерде қыздар мен ұлдар араласып орындайтын бұрынғы күні. Ал бүгінгі күні 1000 ер бала орындап отыр. Бұл жерде жалпы қаланың мектептері, одан бөлек қосымша білім беру ұйымдары, сондай-ақ бұл жерде колледждердің студенттері бар және облыстық мектептер де бар.

Бүгінде «Наурызнама» онкүндігі аясында төл мәдениетімізді дәріптеген мәдени іс-шаралар өңірде кең ауқымда ұйымдастырылып жатыр.