Жуырда «Астана» арнасында жаңа сериал көрерменге жол тартады

«Ағайынды алтаумыз». Жуырда «Астана» арнасы көрермендер назарына  жаңа сериал  ұсынбақ.  «Шымкент шоу» театрының ұжымы қолға алған  жаңа туынды отбасылық құндылықты дәріптейді.  

Дастархан басына жиналған ағайындылар. Жарасбай ақсақал мен оның алты ұлы және келіндері. Жаңа туындыға  «Шымкент шоу» театрының актерлары орындап жүрген «Ағайындылар» интермедиясы арқау болған. Бұл-соның  толықтырылған нұсқасы.

БЕРІК ТҰРСЫНБЕКОВ, ИДЕЯ АВТОРЫ:

Бірінші ұсынысты негізі халықтың өзі тастады. Осыны неге «Күлпәш» сияқты сериал ғып түсірмейсіздер деп бірәзі сөйтіп жүргесін ой туындап, «Астана» каналына арнасына осындай ұсыныс айттық. Олар да ұсынысымызды бірден қабылдап, «Ағайынды алтаумыз» деп аталатын осы комедиялық өзіміздің қазақы менталитетке комедиялық сериал түсіріп жатырмыз.

Туынды 16 сериядан тұрады. Әрқайсысының ұзақтығы- 40 минут. Әр бөлімі ағайындылардың проблемалары арқылы түрлі  оқиғадан құралады. Жоба авторлары алты ағайын арқылы қоғамдағы ер азаматтардың тіршілігін қазақы әзілмен, қағытпа қалжыңмен   шытырман оқиғалар арқылы  көрсетуге тырысады. Сонымен қатар отбасы құндылығы, ағайын арасындағы сыйластық пен ауызбіршілік, үлкен мен кіші арасындағы қарым- қатынас   кеңінен суреттеледі.

КҮНБОЛАТ ЖУСАНБЕКОВ, ЖОБА РЕЖИССЕРІ:

Отбасылық құндылықтар, бауырлардың арасындағы ара қатынас. Үлкен глобальный проблемалар емес, орташа орташа проблемалар. Өйткені ең басты керегі бізге шынайылық болды да. Шынайылық болғандықтан ол жерде зритель өзін көру керек болды. Соған акцент беріп, соған сүйемелдеп алып келе жатырмыз қазір.

Қазір түсірілім жұмыстары күні-түні жүруде. Көрерменге ұнайды деген ойдамыз дейді жоба продюсері.

СЫРЫМ ЖӘНІБЕК, ЖОБА ПРОДЮСЕРІ:

Мамыр айында барша көрерменге жол тартады. Көрерменнің көңілінен шығып, халыққа ұнайды деген ойдамыз. +Бізге қолдау білдіріп, қаржыландырып, сенім білдіріп отырған «Астана» телеарнасына алғысымыз шексіз.

Сериал Шымкент қаласы аумағында түсіріліп жатыр. Идея авторлары бір жағы елдегі үшінші мегаполистің көрікті жерлерін көрсетіп, қонақжай шаһардың ішкі тіршілігін шартарапқа кеңінен таныта түсуді көздегендерін айтады.