Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен биыл 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру мәселесі жөнінде жұмыс кеңесі өтті.
Кеңеске Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министр Олжас Бектенов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев және Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев қатысты.
Мемлекет басшысы алда заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің ережелерін жаңа Конституцияға сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыс тұрғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарының қызметін айқындайтын заңдарды түзеу қажеттілігіне назар аударды.
Жалпы, алты конституциялық заң және өзге заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде үш заң қабылдау қажет.
Мемлекет басшысы заңдарды сапалы әрі уақтылы әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Үкімет заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді кешіктірмей түзеуге тиіс.