Қазақстан соңғы жылдары жекеменшік мектептерге 110 млрд теңге қаржы бөлген. Бұл ақшаға 35 мемлекеттік мектеп салуға болатын еді. Бұл туралы бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Республикалық штабтың отырысында Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлім етті.
Жекеменшік мектептерге осынша қаржы бөлінгеніне қарамастан, орын тапшылығы азаюдың орнына көбейе берген.
«Соңғы жылдары мемлекет орын тапшылығын жою үшін жекеменшік білім беру секторына айтарлықтай қаржы бөлді. Осы аралықта жекеменшік мектептердің өте тез көбейгенін көрдік. Мемлекеттік бюджетке салмақ көп түсе бастады. Егер 2020 жылы жекеменшік мектептерге 13 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл қаржы көлемі 225 млрд теңгеге дейін шарықтап кеткен», - деді Шарабасов.
Оның айтуынша, бұл ақшаның көбі жекеменшік мектептердің құрылысы мен инвестициялық шығындарға кеткен.
«Инвестициялық шығындар 1,6 млрд теңгеден 42,9 млрд теңгеге дейін көбейген. 2025-2025 жылдары жекеменшік мектептердің құрылысына 111 млрд теңге бөлінген. Солай бола тұра, орын тапшылығы азаюдың орнына көбейе берген Бұл ақшаға 35 мемлекеттік мектеп салуға болатын еді», - деді вице-министр.
Яғни, оның сөзіне сенсек, 2020 жылы Қазақстанда 164 мың оқушы үшін орын тапшы болса, қазір 250 мың бала орын жоқ. Мемлекет өзінің «Жайлы мектеп» жобасын бастамағанда, Қазақстанда 700 мың бала үшін мектепте орын болмайтын еді.