Бүгін - Ұлттық киім күні

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес әрбір атаулы күн ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталып отыр. Соның бірі – бүгінгі Ұлттық киім күні. Бұл күн қазақтың дәстүрлі киімін дәріптеп қана қоймай, оны заманауи өмірмен ұштастыру, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды тетігіне айналып келеді.

Қазақ дүниетанымында киім – жай ғана тұрмыстық бұйым емес, ұлттың ішкі болмысын танытатын айрықша белгі. «Адам көркі – шүберек» деген сөздің астарында сыртқы келбеттен бұрын, адамның қоғамдағы орны мен мәдени деңгейін аңғартатын терең мән жатыр. Сондықтан ұлттық киім – тек сәндік элемент емес, ол – ұлттың рухани коды, тарихи жады мен танымының көрінісі.

Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі киім үлгілері халықтың өмір салтымен, табиғатпен байланысымен және дүниені қабылдау ерекшелігімен тығыз сабақтас. Киімдегі әрбір өрнек, әрбір түс пен пішін – кездейсоқ таңдау емес, белгілі бір мағынаға ие таңба. Зерттеушілер мұны халықтың «тілсіз тарихы» деп атауы да тегін емес. Өйткені киім арқылы өткеннің ізі, танымның табы, тұрмыстың тынысы айқын аңғарылады.

Тарихқа үңілсек, адамзат баласы әуелде табиғаттың ықпалынан қорғану үшін аң терісін жамылып, жүннен жіп иірген. Уақыт өте келе бұл қажеттілік мәдени сипат алып, киім әлеуметтік, рухани мәнге ие болды. Әр халық өз болмысына сай киім үлгілерін қалыптастырып, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізді.

Бұл үрдіс қазақ қоғамында да айқын көрініс тапты. Қазақтың ұлттық киімдері – көшпелі тіршілікке бейімделген өмір салттың, табиғатпен үйлесімнің нақты айғағы. Киім пішініндегі кеңдік пен ыңғайлылық еркін қозғалысты қажет еткен дала тұрмысына сай келсе, оның көркемдік сипаты халықтың дүниетанымымен астасып жатыр. Ал ою-өрнектер – осы танымның тілсіз шежіресі іспетті.

Бүгінде ұлттық киімнің маңызы жаңа қырынан танылып отыр. Жаһандану үдерісі күшейген сайын ол ұлттық бірегейлікті сақтаудың, төл мәдениетті жоғалтпаудың маңызды тетігіне айналды. Осы тұрғыдан алғанда, Наурызнама аясындағы Ұлттық киім күні – жай ғана мерекелік дата емес, ұлттың өз-өзіне қайта үңілуіне мүмкіндік беретін мазмұнды рухани бастама.