Неке заңына «ана мен әкені қорғау» туралы бап енеді

фото: pixabay

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты бағыттарда, соның ішінде, мәдениет, ақпарат, БАҚ, архив ісі, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысы, дін мен жастар, отбасы саясаты салаларын реттейтін 20-дан астам заңнамалық актіге өзгеріс енгізу жоспарланып отырғанын айтты. 

 

Жаңа Конституцияға байланысты, 5 жаңа  және қолданыстағы 8 конституциялық заңға,  сондай-ақ 60-тан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге өзгеріс енеді. Яғни, осы 60 заңның 20-сы азаматтық қоғамды дамыту бағытында болады.

«Отбасы саясатына ерекше мән беріліп отыр. Өйткені берік отбасы – қуатты қоғамның іргетасы. Конституцияда неке мен отбасыны, ана мен әкені, балаларды қорғау қағидаты бекітілген. Осыған байланысты мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнаманы, соның ішінде «Неке және отбасы туралы» кодексті жетілдіру бойынша ұсыныстар пысықталып жатыр», - деді Балаева.

БАҚ саласындағы заңнаманы жетілдіру жалғаса береді. Сөз еркіндігін күшейтіп, цензураға жол бермеу, азаматтардың ақпаратты алу және тарату құқығы қағидаттарын жан-жақты әрі нақты айқындау көзделіп отыр деп атап өтті министр.