Әкімшілік рақымшылық: қазақстандықтардың айыппұлдары тұңғыш рет жаппай және ішінара кешіріледі.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында азаматтардың төленбей қалған айыппұлдарын кешіру тетігі ресми түрде қаралып жатқанын мәлімдеді.
«Президент тапсырмасына сәйкес, Рақымшылық туралы заң қабылданғаннан кейін оны іске асыруға қатысамыз. Ол азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылады. Олардың қатарына қауіпті, оның ішінде террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық, кәмелетке толмағандарды зорлау және азаптау қылмыстарын жасағандар, рецидивистер мен іздеуде жүргендер жатпайды», - деді Сәденов.
Ал, Қазақстан тарихындағы тұңғыш Әкімшілік рақымшылық айыппұлы бар азаматтардың айыппұлдарын толық немесе ішінара өтеп береді.
«Бұдан басқа, әкімшілік рақымшылық шеңберінде жеке тұлғалардың орындалмаған айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесі қаралады. Мұндай адамдардың санаты, айыппұлдардың мөлшері мен есептен шығару тәртібі заң жобасын әзірлеу барысында толық пысықталады», - деп мәлімдеді Сәденов.