Мемлекеттік қызметшілерге қосымша демалыс берілуі мүмкін

Мемлекеттік қызмет енді “халыққа жұмыс етуі керек”. Мәжіліс мақұлдаған жаңа заң жобасы дәл осындай талап қояды. Жаңа құжатта алғаш рет мемлекеттік қызметшілерге нақты міндеттер жазылып отыр. Енді олар тек тапсырма орындаушы емес, қоғам алдындағы жауапты тұлға ретінде қаралады. Талап күшейгенімен, жағдай өзгере ме? Әріптесім тарқатып айтады.

Мемлекеттік қызмет енді формалды процесс емес, нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс. Мәжіліс мақұлдаған жаңа заң жобасы мемлекеттік қызметтің мазмұнын түбегейлі өзгертуді көздейді. Құжат 5 жылға арналған тұжырымдама аясында әзірленген. Алғаш рет заң деңгейінде мемлекеттік қызметтің миссиясы мен қағидаттары нақты бекітіліп отыр. Енді отаншылдық, кәсібилік, ашықтық, этика және клиентке бағдарлану - әр қызметкер үшін міндетті талапқа айналады. Бұл талаптарды сақтамау тәртіптік жауапкершілікке әкеледі.

ДАРХАН ЖАЗЫҚБАЙ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Көптеген жыл бойы мемлекеттік қызметті заңнамалық реттеу тек еңбек қатынастары шеңберімен шектеліп келді. Миссия, қызметтің мәні мен міндеттері құқықтық тұрғыда айқындалмаған. Біз осы олқылықты жойып, мемлекеттік қызметтің ұлттық басымдықтарды жүзеге асыру, негізгі институттар ретінде мағынасын нақты бекітіп отырмыз.

Заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нормалар да қарастырылған. Еңбек өтіліне байланысты 3-тен 10 күнге дейін қосымша ақылы демалыс беру ұсынылған. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында 3 күндік арнайы демалыс енгізіледі. Бұған қоса, жүкті әйелдерге, кішкентай баласы бар ата-аналарға және науқас туысын күтетін қызметкерлерге икемді жұмыс режимі қарастырылған.

ДАРХАН ЖАЗЫҚБАЙ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Спортқа қатысатын немесе басқа да мемлекеттік қызметшілер бізден тікелей келіп сұранады. Ол жерде біздің қолымызда ешқандай заңды құқық жоқ. Сондықтан да еңбекке ақысы сақталмайтын демалыстар беретінбіз. Ал қазіргі таңда бұның бәрін заңдастырып, соңғы уақытта бұндай мәселелерге қатысатын мемлекеттік қызметшілер біз бұны жұмыстан заңды түрде босатып отырамыз.

Талап күшейсе, жауапкершіліктің артатыны сөзсіз. Жаңа заңда тәртіп бұзған мемлекеттік қызметшілерге жаза қатал. Ал мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер, оның ішінде есірткіні заңсыз қолдану немесе мас күйінде көлік жүргізу қызметтен бірден босатуға негіз болады.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жазалардың яки тәртіптік жазалардың сараланған мерзімін белгілеп отырсыздар. Мысалы ескерту болса – 2 ай, сөгіс болса – 3 ай, яки осынша уақыт мемлекеттік қызметкер сыйақы алмайды, қосымша төлемдер алмайды, мемлекеттен қосымша жеңілдіктер алмайды деген сөз. Бұрын бұның барлығы 6 ай болған еді.

Мәжілісте ашық айтылған тағы бір мәселе - мемлекеттік қызметшілердің шамадан тыс жұмыс істеуі. Көпшілігі жұмыс уақытынан кейін де кеңседе қалады. Енді бұл процесс бақылауға алынады. Егер артық жұмыс уақыты үшін өтемақы немесе демалыс берілмесе, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл жұмыстың ерекшелігіне және тапсырмалардың жеделдігіне байланысты қаржы, экономика, әділет министрліктері мен әкімдіктерде қызметкерлер ұзақ жұмыс істейді. 2015 жылы мемлекеттік органдарда сағат 18:00-ден кейін барлық жұмыс компьютерлерін өшіру басталған еді, бірақ бұл жұмыс уақытынан артық істелген сағаттар мәселесін толық шешкен жоқ.

Ал мемлекеттік қызметтегі ең өзекті мәселелердің бірі - жалақы деңгейі. Депутаттардың айтуынша, қазіргі табыс инфляциядан артта қалып, білікті мамандардың жекеменшік секторға кетуіне себеп болып отыр.

ҚАРАҚАТ ӘБДЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бүгінгі таңда ең үлкен мәселелердің бірі - жалақы. Өкінішке орай, қазіргі кезде мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы инфляция деңгейінен артта қалып отыр. Соның салдарынан білікті мамандар жеке секторға кетіп жатыр. Кезең-кезеңімен индексациялау жергілікті жерлерде жаңа білікті және мақсатшыл қызметкерлерді сақтап қалуға көмектеседі және үлкен мотивация береді.

Мәжілісте мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін білуі де маңызды талап ретінде көтерілді. Заң жобасында мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуға бағытталған қосымша нормалар да бар. Сайланатын лауазымды тұлғалар жеке санат ретінде қарастырылады. Көлденең мансаптық өсу тетігі енгізіліп, қызметкерлердің бір деңгейде дамуына мүмкіндік беріледі.