"Көлік санын азайту үшін сергектер көбейіп кеткен сияқты",- автосарапшы

6 миллион тұлпар. Ел автопаркі жыл  емес, ай сайын еселенуде. Ұлттық статистика бюросы осылай деп мәлімдеді. Ал елордада тіркелген көлік саны 454 мыңнан асты. Бұл жақсы ма, әлде көліктің көбейгені кептеліс мәселесін онан сайын ушықтыра ма? Әріптесім Назерке Алтынбек айтады. 

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Темір тұлпарлар саны жаңа рекордтық көрсеткішке жетті. Осы жылы елімізде 5 миллион 940 мыңнан астам көлік құралы тіркелген. Оның басым бөлігі, яғни 84 проценті - қарапайым жеңіл автомобильдер. Бұл дегеніміз, қазір әрбір үшінші қазақстандықтың жеке көлігі бар дегенді білдіреді. Алайда, санның сапаға әсері қандай? Көлік көп пе, әлде жол тар ма?

Көлік санының күрт өсуіне еліміздегі автоөндірістің жандануы мен сырттан ағылған темір тұлпарлар себеп. Әсіресе, соңғы жылдары Қытайдан келетін көліктердің қатары қалыңдаған. Импорттаушылар қауымдастығы қауіп бар екенін ескертеді.

ОРЫМБАЕВ ӘДІЛБЕК, ПОРТТАУШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл қауіпсіздікке, экологияға және көлікті ұстау шығындарына әсер етеді. Шет елдерден әкелінетін пайдаланылған автокөліктерге де назар аудару қажет. Көп жағдайда мұндай көліктерде өндіруші кепілдігі болмайды және олардың техникалық жағдайы белгісіз.

Автомобильдердің көптеп келуі саудагерлердің   жұмысын қыздырып тұр. Мәселен, қала тұрғыны Әскербек Темірғалиевтің автобазарда жүргеніне 8 жыл болған. Ол соңғы үш жылда сұраныстың ерекше артқанын айтады.

ӘСЕРБЕК ТЕМІРҒАЛИЕВ, КӨЛІК САТУШЫ:

Келіп жатқандар көп, Қытайдың машиналары келгелі көбейіп жатыр қазір. Өте көп, чехол салатындар, машиналарын барлығы сәндейді ғой, сол сияқты нәрселер өте көп келеді.

Бірақ бұл- тек бастамасы ғана. Сол әкеліп жатқан Қытай көліктерін Алматы, Қостанай сияқты қалаларда өзіміз де шығара бастадық. Жылына 160 мыңға жуық отандық өндірістен көлік сатылады.  Ал мамандардың айтуынша, кептелісті азайтудың жалғыз жолы қоғамдық көлікті дамыту болып тұр.

САНАТ НҰРБАЙ, АВТОСАРАПШЫ:

Менің өзімнің ойым, көлік санын азайту үшін қазір әртүрлі камералар қойып жатыр иә, әр жерге, автобус жолақтарын көбейтіп жатыр. Автобус санын көбейткен сайын кептеліс те одан сайын көбейе береді деген сөз. Осының алдын алуға байланысты халық саналы түрде көліктен бас тарту мақсатында, мысалы осындай бір саясат жүріп жатқан сияқты. Өйткені көлікте кептелісте тұрсың, жаныңнан қоғамдық көлік зуылдап өтіп жатқанда немесе ЛРТ қосылады бұйыртса.

Статистикаға сүйенсек, көлік ең көп шоғырланған өңір - Алматы қаласы. Ал ең еркін жолдар Ұлытау облысында, онда небәрі 35 мың көлік тіркелген. Десе де, 6 миллиондық межеге жеткенде инфрақұрылымның шыдас берер-бермесі әзірге белгісіз.