Астана төрінде ұлттық құндылықтар ұлықталды. Наурыз мерекесі қарсаңында және Ұлттық киім күніне орай «Алтын әже – 2026» республикалық байқауы өтті.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШ:
Елорда төрінде еліміздің әр өңірінен жиналған ең белсенді, талантты 15 әже бақ сынамақ. Ұлттық киім күніне арналған бұл жоба ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды көздейді. Әжелер әдеп пен әдеміліктің үлгісін көрсетіп қана қоймай, ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді қайта жаңғыртуда.
55 пен 85 жас аралығындағы ақ жаулықты аналар бес кезең бойынша сынға түсті. Әжелер тек ән салып, би билеп қана қоймай, арнайы дефиледе ұлттық киімнің сән-салтанатын паш етті.
БОЛҒАНАЙ ЖАППАРҚЫЗЫ, "АЛТЫН ӘЖЕ" САЙЫСЫНЫҢ АМБАССАДОРЫ:
Өткізіліп жатқан шараға жастарға қазағымыздың салт-дәстүрі ұмыт болып кетпесін деп насихаттау ең бастысы. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Астанадан, Атыраудан, Семейден, барлық қаладан елген әжелер қатысып жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бақ сынауға ниет білдіргендер өте көп болған. Финалға өнерімен де, өмірлік тәжірибесімен де дараланғандар іріктелген.
АҚЕРКЕ ТӘЖІБАЕВА, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Кастинг жарияланған болатын. Ол кастингтен 60 әженің ішінен 15 әжені өткізген болатынбыз. Өнеріне, сөз саптауына жалпы өмірбаянынын тыңдай отырып, ұлттық құндылыққа көзқарасын біле отырып 15 әже өткен болатын.
Наурыз мейрамының көркін арттырған бұл жоба қариялардың қоғамдағы белсенділігін дәлелдеді. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы саяхат жолдамалары табысталды. Ақ жаулықты аналардың ақылы мен өнері көрерменді тәнті етті.