Елімізде Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылады

фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын құру туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

- Қазақстан Республикасында адам құқықтарын қорғауды күшейту, отбасы институтын нығайту және мемлекеттік отбасылық саясатты жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын (бұдан әрі - Уәкіл) құруды қаулы етемін, ол өз қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамында төрағаның орынбасары ретінде қоғамдық негізде жүзеге асырады. Уәкілдің негізгі мақсаттары отбасы құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту, отбасы институтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту, мемлекеттік отбасылық және демографиялық саясатты жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ қазақстандық отбасылардың әл-ауқатына жәрдемдесу болып белгіленсін, - делінген құжатта.

Қазақстан Республикасының Үкіметіне осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдау тапсырылды. Ал осы Жарлықтың орындалуын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бақылайды. Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.