Жетісайда ер адам 60 мың теңгенің кір машинасы үшін танысының үйіне ұрлыққа түскені анықталды.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлық дерегіне қатысы бар деген күдікпен 39 жастағы ер адамды анықтады.
Тергеу барысында күдіктінің түнгі уақытта такси қызметін пайдаланып, танысының үйіне барғаны белгілі болды. Ол үйіне кіріп, құны шамамен 60 мың теңге тұратын кір жуғыш машинаны алып кеткен.
«Ұрланған мүлікті таксиге тиеп, жүргізушіге «жөндетуге апарамын» деп алдап, тұрмыстық техниканы өз үйіне жасырған. Кейіннен ұрлаған техниканы арзан бағаға сатып жіберген.
Тәртіп сақшылары ұрланған мүлікті тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – делінген ПД хабарламасында.