Қарағанды облысында экологиялық мәселелерді шешу үшін кәсіпорындарға жаңа технологиялар енгізілуде. Аймақ ел бойынша әлі де ең лас өңір саналады. Сондықтан өндірістен шығатын лас заттарды нақты уақыт режимінде бақылау қолға алынды. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі- жылу және электр энергиясын жеткізуші «Қарағанды Энергоорталық» серіктестігіне түтін газдарын автоматты бақылау жүйесі орнатылды.
Бақылау жүйесі Энергоорталықтың бірінші және үшінші жылу электр станцияларында орнатылды. Ол қазандықтан шығатын газды үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Ауытқулар бола қалса тікелей экологтарға жолданады.
АСҚАР МҰҚАШ, «ҚАРАҒАНДЫ ЭНЕРГООРТАЛЫҚ» ЖШС БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мониторинг жүйесі не үшін керек десеңіз, ол түтін газдарындағы ластаушы газдар азот оксидтері, күкірт диоксиді, күл мөлшерін онлайн режимде бақылайды. Олардың мөлшері осы контейнерде өлшеніп тікелей экология департаментіне жіберіледі.
Бұл тәсіл кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, озық стандарттарды енгізуге ықпал етеді. Бүгінде 8 өндіріс ошағы автоматты бақылау жүйесін орнатқан.
ЛЮДМИЛА ТРУШИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Ауытқулар дер кезінде анықталып, қажетті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді. Экологиялық жауапкершілікті арттырады. Бұл шаралар қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған ұлттық экологиялық бастама аясында «Таза Қазақстан» бағдарламасы арқылы іске асып жатыр.
Экологтардың айтуынша аймақ экологиясын жақсартудың тағы бір жолы-ол газдандыру. Кәсіпорындармен қоса жеке сектордан шығатын түтін де ауаны едәуір ластауда. Ал газдандыру Қарағандыда 2030 жылға дейін жалғасады.