Домбыраны ұшақ бортына кіргізуге рұқсат берілуі мүмкін

Домбыраны ұшаққа кіргізуге болады. Көлік министрлігі қоғам талабын қанағаттандырмақ. Бұл туралы ведомство басшысының орынбасары  мәлімдеді. Вице-министр Талғат Ластаевтың айтуынша,  көптен бері шешілмей келген проблема 1 айда  реттеледі. Естеріңізге салайық, 2023 жылы белгілі айтыскер ақынға ұшақ экипажы домбыра алып кіруге рұқсат бермеген еді. Сол кезден бері, халық қалаулылары да бірнеше рет жоғары мінберден әуе компанияларын да, салалық министрлікті де сынап келді.

ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Дәл осы мәселе бойынша тиісті ұсыныстар пысықталып жатыр. Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне музыка аспаптарын, оның ішінде домбыраны тасымалдау бойынша заңнамалық реттеу тетігін енгізу тапсырылды. Менің ойымша, жақын арада жолаушылар мен жүктерді және багажды тасымалдау ережесіне тиісті өзгеріс енгіземіз. Бұл тұрғыда аспаптарды қандай тәртіппен ұшақ бортында алып жүрудің нақты қағидаты болады. Бәріне ортақ ереже бекітіледі. Бұл тәртіп әуе компанияларының барлығына қатысты.