Трамп: «Иранның күлін көкке ұшырамын»

Иран Парсы шығанағындағы мемлекеттердің мұнай инфрақұрылымына соққы жасап жатыр. Сауд Арабиясы көңілі қалып, әскери жауап қайтаратындарын мәлімдеді. Бұған Трамп ашуланып, Иранның күлін көкке ұшырамын, - дейді. АҚШ Президентінің айтуынша, Иран – бүкіл әлемдегі лаңкестердің басты демеушісі. Ал, Венгрия Украинаға бөлінуі тиіс болған Еуропалық елдердің қаржылай көмегін вето қолданып, бергізбейміз, - дейді. Осылайша, Виктор Орбан қайтадан Владимир Зеленскиймен теке-тіреске түсті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Иран араб елдерін бомбылауды тоқтатпады. Ең сорақысы, Парсы шығанағының мұнай инфрақұрылымын істен шығаруға әрекеттенуде. Бір күн ішінде Сауд Арабиясы мен Қатардың ең үлкен мұнай өңдеу зауыттарына дрон түсірді. Сауд Арабиясы ресми түрде Ираннан көңілдері қалғанын мәлімдеді.

ФАЙСАЛ БИН ФАРХАН, САУД АРАБИЯСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Иранмен біз орнатқан сенімгерлік байланыс, дипломатия және бүкіл келіссөздеріміз келмеске кетті. Біз енді Иранмен жаумыз. Біз ғана емес, осында өкілдері отырған бірнеше мемлекет Иранмен қарым-қатынасты реттегісі келді. Енді барлығымыз Иранға жабылып, соғысуымыз да мүмкін.

Трамп енді Иранға мүлдем аяушылық білдірмейді. Мұнай өңдеу зауыттары мен порттарға шабуыл жасалды дегеннен бері АҚШ Президенті ашуына мінген. Трамп Ислам республикасының мұнай инфрақұрылымын жауып ретінде түгелдей жойып жіберуге дайындалып жатыр. Бұл – жалғыз Иран емес Қытай экономикасына да жасалған үлкен соққы, - дейді мамандар.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Иранның порттары мен зауыттары ғана емес, кен орындарын да жарып жіберемін. Иран басшылары жақсылап ойлансын. Басшы дейтіндей басшы да қалмады. Көпшілігін бірінші күні-ақ қырып тастадым. Болашақта Иранның ақша табатын мүмкіндігі болмайды. Себебі, мен мұнай мен газ кен орындарын бомбылап, алапат өрт шығарамын.

Венгрия Украинаға қастығын жақын арада тоқтатпайды. Мажар елінің басшысы Виктор Орбан өзінің ниетін жасырып отырған да жоқ. Осыған дейін, Еуропалық Одақ бөліп қойған ақшаны вето қойып, бергізбей отырған Орбанды ашуға булыққан Зеленский көзін құрту керек деген еді.

ВИКТОР ОРБАН, ВЕНГРИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Украинаны қолдайтын ешбір шешімге оң дауысымызды бермейміз. Алдымен, Достық мұнай құбырын жөндесін. Сол кезде ойланып көремін. Еуропалық Одақ маған қалағанынша қысым жасай берсін. Барлығына шыдаймын.

АҚШ Иранға құрлық әскерін кіргізуі мүмкін. Арнайы жасақ, Иран әскербасыларын өлтіруге де, ядролық нысандардағы байытылған уранды алып кетуге қолдануы мүмкін. Кейбір дереккөздерге сенсек, Трамптың өзі осы ұсынысты қолдап отыр.