БҚО-да ата дәстүрге адал азамат тұрады

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданының тұрғыны Ұлан Сайтмұхаев ат баптап, тазы жүгіртеді. Тері илеп, қамшы өреді. Жігітке тән жеті өнерді жете меңгерген. Ұлттық құндылықтарды қызғыштай қорып, атадан балаға мирас боп жеткен өнердің шырақшысына айналған шебермен тілшіміз тілдесті. 

Ұлан Сайтмұхаевтың жұмыс бөлмесінің өзінен қазақылықтың лебі есіп тұр. Үстелі алшысынан түскен асық пен тобыққа толы жігіт ағасы - өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің үздігі һәм бір ауданның бас қазынашысы. Қарбалас қызметтен қол босағанда ит жүгіртіп, қоян қағатын әдеті бар. Әзірге серігі Найманкөз де үйірінен ұзай алмай, иесімен бірге көк белге шығар көктемді асыға күтіп жүр.

Атқа мінсе үйді ұмытып, сағаттап дала кезетін Ұланның үйі музей сияқты. Аулаға кіргендерді қора-қопсының қорықшысы - қошқардың басы "сақалы" желбіреп күтіп алады.

Қабырғадағы тұскиізде қасқыр терісі, қамшының түр-түрі, қылқаққыш ілінген. Музейден ғана көретін кездік пен сапыны, үрейді үркітер үкіні де осыннан табасыз. Алақанына асық салып, таспалап қамшы өретін отағасы төрт гүлі - төрт қызы мен жан жарына бір-бір қамшыдан жасап беріпті. Бірақ бұдан кейін қамшы құтаймаған. Өйткені жасаған бұйымын мейманына сыйлайтын мәрттігі тағы бар.

Сөзге шешен, дәстүрді дәріптеген шебердің балалары да өнерлі. Жастайынан ат құлағында ойнап, домбыра шертеді. Өйткені қасқыр терісі бесігіне бөленіп, бұла өскен.

ҰЛАН САЙТМҰХАЕВ:

Көзімді тырнап ашқалы тұскиізді көріп өстім, әжелерім, аталарым қой қырқып, киіз басқанын көрдік. Нағашы аталарым, өз атамның екеуі де шебер кісі болған. Ер тоқым да шапқан, ағашты да ойған, темірді де түйген. Қанда болғаннан кейін іштегі дүние түртіп шығып тұрады. Оны шығару керек. Ақын өлеңін жазғанда толғанып барып жазады ғой. Біз енді күнде жасамасақ та, анда-санда бір кішкене темір соғып, қайыс тартатынымыз бар.

Техника дамыған заманда төріне текемет төсеп, тазы ұстайтын "біртүрлі" қазақты табу - қиынның қиыны. Ал Ұлан Сайтмұхаев жұмысты да, тұрмысты да дәстүрге бейімдей білген. Жігіт ағасының ендігі арманы - ұрпағын бойына бабалар тағылымын сіңірген азамат қып өсіру.